Су тасқынының алдын алу керек

Елордада көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында суға кету қаупі бар көшелердегі жиналған қарды шығару жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Әсіресе, Сарыарқа ауданында арық-науа жүйелерін, нөсерлер мен жауын-жаңбыр қабылдайтын құдықтарды қардан және тұрмыстық қоқыстан тазарту жұмыстары жалғасуда.
Коммуналдық қызметтер барлығы 16 мың с.м. болатын арық-науа жүйесін және жаңбыр қабылдайтын, дренаждық құдықтарды тазалауды жоспарлаған.
Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Темірлан Ариновтың айтуынша, бүгінгі таңда су тасқынының алдын алу жұмыстары басталып та кетті.
– Қазіргі уақытта арық-науа жүйелерін қар мен мұздан тазарту бойынша су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізіп жатырмыз. Бұл шаралар көктемде еріген судың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін қажет. Күн сайын арық желісін тазартуға 20-ға жуық жұмысшы және 3 бірлік мамандандырылған техника жұмылдырылады. Тұрғын үй алаптарындағы үйлерді су басудың алдын алу үшін тиімді арық-науа жүйесі қажет. Сондықтан тұрғындарды арықтарға қоқыс пен күлді тастамауға шақырамыз, – деді Т.Аринов.
Аудан әкімдігінде су тасқынына қарсы іс-шаралар аясында жұмыс алгоритмі әзірленген. Шаралар аясында жүйелер мен құдықтарды тазалаудан бөлек, тұрғын алаптарынан қар шығару жұмыстары да жүргізіліп келеді.