Айтпайын-ақ деп едім!

Табағына қарай ма, қабағына ма?

Соңғы күндері әлеуметтік желіде дастарқанды да қарапайым ­жасауға шақырған және сондай бастаманы өздері бас боп бастаған азаматтардың әрекетіне жұрт сүйініш білдіріп, «бәрекелді» айтып жатыр. Қонақ шақырғанда атшаптырым дастарқан жайып, оған құстың сүтінен басқаның бәрін қойып артық шашылудың басы артық жұмыс екенін айтып, үйіңе қонақ шақырсаң, бір-екі түрлі негізгі тамақ пен екі-үш салат, жеміс-жидек қойсаң жеткілікті деген орынды ұсынысқа біз де қолдау білдіріп, әлеуметтік желіде бөлісіп едік, жұрт та қуана қолдау көрсетіп, жапа-тармағай көріп жатыр.

«Асың барда ел таны беріп жүріп, атың барда жер таны желіп жүріп» деп мақалдайтын қазақ халқы меймандос, қонақжай. «Қонақ өз ризығымен келеді» деп қарайтын халқымыз үйіне қонақ шақырмаса отыра алмайды. Соғым басы, наурыз көже, омыртқа, ауыз­ашар, мәуліт деп қонаққа шақыратын қазақ соңғы кезде туған күн, әйелдер мерекесі сынды атаулы күндерді де басқосусыз өткізбейтін болды. Қуаныш, жұбанышта бір дастарқан басында отырып, ас ішіп, әңгімелесу, әрине, берекенің, жақындықтың белгісі. Дегенмен осы жақсы дәстүрімізге соңғы кездері ысырапшылдық та араласып, тамақ пен уақыттың ысырапшылдығы барған сайын асқынып барады. Яғни бұрын етін асып, бауырсағын пісіріп, табылса, құрт-май, ірімшігін қойып қонақ шақыратын қазақ қазір үстелге кемінде 10-20 түрлі тамақ қоймаса, қонақтан ұят болады деп қымсынатын болды. Әрине, қазір заман жақсы, ешкім аш жүрген жоқ. Біреу қонаққа шақырса, жейін деп емес, сыйластық үшін барады. Қонақ қанша жейді, алдында тұрған соң, ауыз тиеді де қояды. Сонымен, қонақ иесінің бір апта шапқылап, уақытын ысырап етіп, қыруар ақша жұмсап алған тамағы сол беті желінбей қалады. Бір қонақ шақыру үшін сол тағамды дайындап әйелі, қызы, келіні тұмсығынан шаншылып, шаршап, ұрынып жығылады. Дастарқанға қойылған ыдыстың өзін қайта жуып-шайып тазалауға бір күн уақыт кетеді. Міне, бір қонақ шақырудың арғы жағында осындай ысырапшылдық жатыр. Бұл – қазіргідей уақытпен жарысқан білім-экономика дәуіріне үйлеспейтін әдет. Оның үстіне, келген қонақ табағыңа емес, қабағыңа қарайтынын ескерсек, артық шашылудың түк те қажеті жоқ.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button