ҚоғамТәуелсіздік күні

Тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтайық!

– «Қағаны – батыр, ақылгөйі – кемеңгер елдің бағы жанады» деген Тоныкөк бабамыздан артына сөз қалыпты. Тәуелсіздігіміздің баянды болып, көсегеміз көгерсін десек, 29 жылда жеткен жетістіктерімізді, бағындырған белестерімізді бағалай білейік! Тәуелсіздік деген ұлы ұғым – Жер, Ел, Халық, Рух, Тағдыр, Күрес, Тұлға, Алаш, Желтоқсан, Бірлік, Ынтымақ деген ұғымдармен біте қайнасып жатыр. Бұл ұғымдарды бір-бірінен бөлек алып қарай алмаймыз! Қазақ сонау «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламада», 37-нің қырғынында, Алаштың заманында, 86-ның Желтоқсанында мың өліп, мың тірілді. Бірақ жігеріміз мұқалған жоқ. Қақаған аяздан, арыстандай ақырған азулы империяның айбарынан сескенбеген Желтоқсан қаһармандарының рухы дүние жүзін дүр сілкіндірді. Біз азаттық, бостандық, еркіндік күніміз үшін Алаш арыстарының, Желтоқсан қаһармандарының рухының алдында қарыздармыз! Ұлттық рухымызды көтеріп, шын тәуелсіз ел болуымызға серпін берген Желтоқсандағы ұлт-азаттық көтерілістің тарихи мәнін жоғары бағалауымыз керек.
Демек, 16 желтоқсан – Қаһармандар күні! Бұл күні баршамыз нағыз батырлардың рухына тағзым етіп, өшпес ерліктеріне басымызды июге тиіспіз. Тәуел­сіздік таңын атырған, азаттық асуына жеткізген желтоқсаншыларды жас ұрпаққа үлгі етейік!
Сөз соңында, барша қазақстандықтарды ұлық мерекеміз – Тәуел­сіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, бастарыңызға амандық, отбасыларыңызға береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін! Тәуелсіздігіміз баянды болсын десек, әрқайсымыз құр сөзбен емес, нақты іспен қарыштаған Қазақстанның бүгіні мен ертеңі үшін еңбек ­етейік! ­Тәуелсіздігімізді көзіміздің ­қарашығындай сақтайық!

Әлімжан ҚҰРТАЕВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті
Сенатының депутаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button