Сұхбат

ТИІСТІ ТӨЛЕМНЕН ЖАЛТАРАТЫН ТҰРҒЫНДАР БАР

_mg_0122

Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласының шаруасы шаш етектен. Қазіргі таңда Астанада 2417 көппәтерлі тұрғын үй бар. Осы үйлердің күтімі және лифт, аула, кіреберіс, баспалдақ, шатыр секілді тұрғындарға ортақ қажеттіліктерді талапқа сай ұстау оңай емес. Соған қарамастан елорда тіркелген кондоминиум нысандарының көлемі жағынан республика бойынша алдыңғы орында. Әзірше бұл көрсеткіш 85 пайызды құрайды. Жыл соңына дейін оның көлемі жүз пайызға жеткізілмек.                                                                           

– Әлихан Жұмаханұлы, сіз басқарып отырған мекеме қашан құрылды? Оның мақсат-міндеті жөнінде айтып берсеңіз?

– Тұрғын үй инспекциясы басқармасы Астана қаласы әкімдігінің 2011 жылғы 11 қарашадағы қаулысымен құрылды. Осы бес жыл ішінде Астанадағы тұрғын үй шаруашылығындағы бірқатар мәселелерді бір ретке келтіріп, жүйелей бастадық. Айталық, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінде қазандық қондырғыларын жабдықтау, тұрғындардың ортақ қажеттілігіне жататын лифттерді, эскалаторларды қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуын қадағалау, пәтер иелері кооперативтерінің жұмыстарын үйлестіру, жұртшылықтың шағымдарымен жұмыс істеу секілді шаруалар – біздің мойнымызда.

– ПИК демекші, қазіргі күні елордадағы 2400-ден астам үйді басқаруға алған қанша ұйым бар?

– Тұрғын үйлерге қызмет көрсететін ПИК пен ЖШС-нің жалпы саны – 438. Ал тұрғындардың пәтер иелері кооперативтеріне эксплуатация шығындары үшін төленетін орташа тариф – 45 теңге. Ең төменгісі 23-25 теңгеден басталса, ең жоғарысы 100-150 теңге аралығын құрайды. Алайда жоғары тариф бекітілген тұрғын үйлердің саны барлық қордың екі процентіне жетер-жетпес шамада ғана.

– Жұртшылық пәтер иелері кооперативтерінің жұмысына жиі шағымданады. Мұның басты себебі неде деп ойлайсыз?

– Иә, көп жағдайда жұртшылықтың көңілі ПИК қызметіне тола бермейді. Біз олардың жұмысына сараптама жүргізіп, түйткілді мәселенің неден туындайтынын зерделеп көрдік. Сөйтсек, тұрғын үйлерді кондоминиумге тіркеу мәселесі баяу дамығанын аңғардық. Яғни, көптеген үйлер күтімсіз қалған. Оларды баптап-күтетін нақты ұйым жоқ. Осы мәселені жөнге келтіруге бар күшімізді салдық. Нәтижесінде Астана қаласы тіркелген кондоминиум нысандарының көлемі жөнінен республика бойынша алдыңғы орынға шықты. Бұл көрсеткіш бүгінде 85 пайызды құрайды. Енді 213 үй қалды. Жыл соңына дейін оларды тіркеп бітірмекшіміз.

– Сонда кондоминиумге біріккеннен тұрғындар не ұтады?

– Кондоминиумды тіркеу тұрғындар үшін өте тиімді. Мәселен, кондоминиумның жоқтығын пайдаланып, құрылыс салушылар мен ПИК үйдің ортақ мүлкін тұрғындардың рұқсатынсыз жеке мақсаттарына жаратуы мүмкін. Мысалы, тұрғындардың ортақ меншігіне жататын жертөлені, техникалық қабаттағы бөлмелерді өз бетінше жалға беріп қояды. Одан түскен ақшаны үйдің мүддесіне емес, өздерінің игілігіне ұстайды. Не болмаса, үйді салған құрылыс компаниялары пәтерлерді бөліп берген соң, өзінің үлескер кәсіпорнын ПИК орнына қойып қояды. Ол жауырды жаба тоқып, құрылыс салушының кем-кетігін көрсетпей, жауып жүреді. Ал егер тұрғындар тарапынан «жарық жоқ, подъездер шашылып жатыр, құрылыс заттары сынып жатыр» деген сыңайда шағым түссе, «иә, жасаймыз» деп жұртшылықты алдап-сулап шығарып салып, өздерінің кепілдік мерзімі біткенше уақытты созып жүріп алады. Ал құрылыс компаниясының кепілдік мерзімі біткеннен кейін, ешкім де олардан ештеңе де өндіре алмайды. Ақыр аяғында, ортақ мүлікті бүлдірген, кіре-берісті ластаған, қоқыс тастаған тұрғындар болып шығады. Сондықтан пәтерлерді кондоминиумға тіркеп қойған тиімді. Онда пәтер иелері сол үйдің толыққанды қожасы болып саналады да, басқару органдарын да өздері құрып, өздері таңадй алады. Пәтер иелері кооперативін де өздері таңдайды, тіпті өз араларыннан басқару ұйымын құрып, үйдің жалпы күтімін соларға тапсыра алады.

– Көпқабатты тұрғын үйлердің ортақ қажеттілігіне жұмсалатын электр шығындарды төлеу мәселесі дау болғалы қашан. Астанада бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?

– Сіздің пәтеріңіз өзіңіздің жекеменшігіңіз болып саналады. Ал меншігіңізге жатпайтын, бірақ пайдаланбай тұра алмайтын үйдің бөліктері ортақ қажеттіліктер деп есептеледі. Орысша баламасы – общедомовые нужды (ОДН). Еліміздің заңнамалық құжаттарында бұл термин «жалпыүйлік қажеттіліктер» делініп жүр. Сонымен, көпқабатты үйлердің ортақ қажеттіліктеріне нелер жатады: кіре-беріс, жертөле, баспалдақ, лифт, шатыр, аула, алаң, үйге ортақ инженерлік желілер. Дау болып жүргені – осыларды жарықтандыруға, жұмыс істетуге кеткен электр шығындары.

Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңы бойынша ортақ мүлікке кететін қаржыны пәтер иелері төлеуге міндетті.

«Астанаэнергосбыт» АҚ-ға – тұрғындардың төлегені, ал тұрғындарға – ПИК-тің төлегені тиімді. Осы екі жолдың қайсысын таңдаса да, пәтер иелері бұл шығындарды айналып өте алмайды. Бірақ «ОДН» төлеудің тұрғындарға пайдалырақ тұсы бар. Ол – жиналыс ашып, үйдің ортақ қажеттілігін төлеуді ПИК-тің мойнына жүктеу. Бұл жағдайда пәтер иелері кооперативтерінің тарифі көбейеді. Мәселен, тариф 40 теңге болса, «ОДН» қосылғаннан кейін қайта есептеу жүргізіліп, ол тариф екі, үш не одан көп теңгеге өседі. Тұрғындар келісім берген соң, әрбір үйдің ортақ энергия шығынын тіркейтін есептегіш құрылғы орнатылады. Ол құрылғы коммерциялық тіркеуге алынуы керек. Нәтижесінде ай сайын тұрғын үйдің қанша киловатт энергия жұмсағаны белгілі болады. Тариф есебінен ПИК осы шығындарды төлейді. Осы ретте ПИК тиісті тарифтен артық қаражат жұмсамас үшін үнемдеуге көшеді. Қызметкерлері подъездегі қосулы қалған жарықты сөндіріп жүреді. Лифтінің жұмысын қадағалайды. Сөйтіп, энергияны еріксіз үнемдей бастайды. Осылайша үнемдеуден түскен қаражат та осы үйдің пайдасына жинала береді. Ал үйдің ортақ қажеттілігін пәтер иелері жеке-жеке төлесе, жалпы шығындалған энергия көлеміне бақылау жүргізе алмайды. Ай сайын ЖҮҚ мөлшері құбылып, кейде шарықтап өсіп кететіні де сондықтан. Ондайда тұрғындар «Астанаэнергосбыттан» бір ғана жауап ести алады: «осы айда үйіңіз көп энергия жұмсады»…

– Осы жүйемен жүретіндер бар ма?

– Әрине. Мәселен, Астана қаласының Алматы ауданындағы көппәтерлі үйлердің 90 пайызы ортақ қажеттіліктерді ПИК тарифі есебінен төлейді. Ал Астанадағы бұл көрсеткіш 80 пайыздың үстінде. Жүзге жеткізу бағытында жұмыс жасау үстіндеміз. Бірақ бұл жағдайда тұрғындар тарифке қосымша ақша қосу керектігін ұмытпау қажет.

«Эксплуатациялық шығындарды төлеп жатырмыз. ПИК шатырымызды неге жөндемейді, ауламызды қашан абаттандырады?» дейтіндерді жиі естиміз…

– ПИК тұрғындар есебінен күн көреді. Пәтер иелерінің мақсатты алымдарды жинауына, эксплуатациялық шығындарды төлеуіне қаншалықты қаражат бөлуіне байланысты, ПИК соншалықты жұмыс жасай алады. Одан артыққа жағдайы жетпейді. Айтайық, эксплуатациялық шығындар есебінен бәрін жасау мүмкін емес. Ол қайда кетеді? Төрағаның, аула тазалаушының, еден жуушы, электрик, сантехниктің айлығына, міндетті салықтар тағы бар. Бірақ эксплуатациялық шығындарды тұрғындардың 10-15 пайызы мүлде төлемейді. Олар төлейтін сіз бен біздің есебімізден күн көреді. Былайша айтқанда, «күріш арқасында күрмек су ішеді».

– Төлемегені қалай? Төлемейтін тұрғындарды тәртіпке бағындырудың жолы жоқ па?

– ПИК-тердің «баяғы жартас – сол жартас» күйін кешіп отырғаны тұрғындардың бәрі бірдей тәртіпті болып, заңға сәйкес ортақ қажеттілік шығындарын төлеп жүрген жоқ. Біздің осал тұсымыз – оларға айыппұл да сала алмаймыз. Себебі заң бойынша пәтер иелері ортақ мүліктің шығындарын көтеруге міндеттелсе де, оны орындамаған жағдайда, ешбір әкімшілік жаза қарастырылмаған. Қол байлайтыны – осы. Жалпы ортақ қажеттілік шығындарына кететін энергия төлемін төлемейтін тұрғындарды жауапқа тарту мәселесін мәжіліс депутаттарына жеткіземіз. Министрліктерге хат та жазып жатырмыз. Міндетінен қашқан тұрғындар заң алдында жауап беруге тиіс екені сөзсіз. Қалай болса да, ең алдымен, осы мәселені үкімет шешуі тиіс.

– Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы пәтерлерді жалға алушы тұрғындар пәтер иесі саналмайды ғой. Яғни, ортақ қажеттілік шығындарын кім төлейді бұл жағдайда?

– Бұл мәселеде пәтер кімнің балансында тұрғаны маңызды. Тұрғын үй басқармасы болса, азамат үйді өз атына түсірмейінше, пәтерге жауапты – осы мекеме. Осы ретте келісімшартта қалай жазылғанын білу керек. Жалға алушы соған сәйкес әрекет етеді. Келісімшартта ортақ қажеттілікке кететін энергия шығынын жауапты мекеме өз жауапкершілігіне алуы мүмкін не болмаса тұрғынның төлеуіне міндеттейді. Ең бастысы, келісімшартқа отырған кезде мұқият оқып, «пәленбай пунктімен келіспеймін, себебі…» деуге құқылы. Бірақ жұртшылық бұлай жасайды деп ойламаймын. Себебі бәрі де баспана алғанына мәз болып, алып-ұшып, келісімшартпен келісе кетеді.

– Тұрғындар мен ПИК арасында сенім көпірін орнатуға бола ма?

– ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 320-бабына сәйкес ПИК, кондоминиум секілді қызмет көрсетушілер тұрғындарға тоқсан сайын есеп беруі керек. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 50-2-бабына сәйкес бұл есеп пәтер иелеріне жазбаша түрде немесе электронды нұсқада тапсырылуы тиіс. Осы мәселені қатаң бақылауға алып жатырмыз. Алдағы уақытта ПИК-тердің жеке сайттары ашылып, онда әрбір қаражаттың қайда жұмсалғаны, қандай жұмыстар жасалғаны жөнінде есептер ашық жарияланады деп жоспарланып отыр.

– Мазмұнды сұхбатыңызға рақмет!

Дайындаған: Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button