Мәселе

Тірі кезінде қазақ еді…

20000 займ без процентов Күні кеше барша қазақ күңіреніп, жер қойнына тапсырған абзал абыз ақсақалды ел төріндегі баба қорымға жерлеу рәсімінен түсірілген, желіге салынған бір сурет көңілге кірбің ұялатты. Қабірге қойылатын белгіге ол кісінің аты-жөніне қоса руын да жазып қойған екен…

[smartslider3 slider=538]

Қалың қазаққа тұлға болған, Алтай мен Атырау арасынан түлеп ұшқан талай талапты жасқа ұстаздық етіп, ғылым тылсымына бастаған, барша азаматты бауыры көрген ақсақалдың кінәсі жоқ бұл жерде. Өзгелерден кеткен ағаттық болу керек бұл. Ұйымдастырушылар мұны тіпті ұлтымыздың кісі жерлеудегі бір дәстүрі ғой деп қабылдауы да ықтимал…
Кең-байтақ еліміздің қорымдарында жерленген кісінің құлпытасына аты-жөніне қоса руын да жазып қою үрдісі бұрын да болған, өкініштісі, қазір де тоқтаған жоқ. Шеткері жатқан шағын ауылда ғана кезіксе бірсәрі, алып шаһарларда да қайталанып жататын көрініс. Бұл не сонда? Тірі кезінде қазақ болып жүреді, Қазақстан азаматы атанады, қорымға барғанда руы пайда болады. Рулық-тайпалық деңгейден баяғыда өтіп кеттік, ол біздің бұрынғымыз деп жүрген жоқпыз ба? «У ішсең руыңмен емес, ұлтыңмен» деген жоқпыз ба? Бұл құбылыстың астарында не жатыр?
Рас, қазақ – түрлі рудан құралған халық, жеті атасын санамалау қанға сіңген қасиет. Енді әр ру өз атасын түгендеп жүргенде алып елдің мүддесі, күллі түркінің келешегі, қазақ жеріндегі барша жұрт қазақ тілінде сөйлейтін бір ұлтқа айналады деген мақсат ысырылып, екінші, үшінші мәселеге айналып кетпей ме деген қауіп бар! …Кешегі кеңес заманында қазақ ру атасын іздеуге біріншіден, қорқатын, екіншіден, ұялатын. Енді еркіндік қолға тиген соң әр тайпа өз атасын атқа мінгізіп ескерткіш қойып, кесене тұрғызып, қабірі табылмаса да алып кешен-белгітас орнатып, әрі би, әрі бай, әрі батыр, әрі шешен, әрі көсем етудің бәсекесіне бел шеше кірісіп кеткендей. Түрлі аталар атымен құрылған қорлар қысылып-қымтырылмай осы бағытта жария түрде жұмыс жүргізіп жатыр. Көшелер, алаңдар, мешіттер, ауылдар, аудандар ұрпағы азулы, шежіресі жазулы аталар есімін иеленіп жатыр.
«Біздің атамыз да ешкімнен кем болған емес, атаңа нәлет» дейміз айналамызға алақ-жұлақ қарап. «Кеше біздің атамыз мықты болған, бұрын біз тіпті сұмдық болғанбыз» деген ұранмен өмір сүретін қоғам бүгінгісіне көңілі толмай, бірақ жасар әрекеті қалмай, ертеңіне үміті болмай отырған қоғам. Бізге елді бөлетін емес, біріктіретін идеялар керек. Бір ел, бір ұлт, бір тіл, бір мүдде жолында біріккенде ғана берекеміз кіреді. «Бұру шықса, ру шығады» деген екен Махмұт Қашқари бабамыз.
«Атаның баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың» депті ұлы Абай.
«Әр қазақ – менің жалғызым» деп ақын жырлағандай, аз қазақты көбейте алмай жүргенде етектен тартар ескілік қалдығынан арылғанымыз жөн болар, ағайын…
 

Тағыда

Еркін Қыдыр

«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button