Мерей

Түркітанудағы ұлағатты тұлға

Филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы ҰҒА Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, ­Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Айтматов академиясының академигі, фольклортанушы, түркітанушы Шәкір Ыбыраев – қазақ классикалық филологиясының үрдісінде қажырлы еңбек етіп жүрген айтулы ғалымдарымыздың бірі.Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін 1973 жылы үздік бітірген жас талап білімін тереңдету мақсатымен КСРО Ғылым академиясы М.Горький атындағы Дүниежүзі әдебиет институтының фольклор бөліміне ізденуші-стажер ретінде жолдама алды. 1976 жылдан КСРО Ғылым академиясы Шығыстану институтының аспирантурасына оқуға түсіп, оны 1979 жылы аяқтағаннан кейін, Мәскеудегі мәртебелі Ғылыми кеңесте «Қорқыт ата кітабының поэтикасы» (түркі халықтарының эпостарымен салыстыра зерттеу)» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады.
Өзі білім алған ҚазҰУ-де 1980 жылдан доценттік қызмет етіп, 1989 жылдан М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында Қолжазба орталығының басшысы, кейін директоры лауазымдарын абыроймен атқарды. Өмір асуларында жинақталған кенен тәжірибе Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-президенті, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры қызметтерін атқаруындағы белесті кезеңдеріне ұласты.
Ғылымдағы алғашқы қадамын 1970 жылдары бастаған Ш.Ыбыраев­тың іргелі зерттеулері отандық фольклористика, түркітанудың өзекті мәселелерімен сабақтас. Салыстырмалы-типологиялық әдіске бұрынғы посткеңестік кеңістікте түркі тілдес республикалар ішінде тұңғыш рет қазақ әдебиеттанушылары көшкенін айтар болсақ, Б.Кенжебаевтың «Көне әдебиет туралы» (1969), «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері» (1974), М.Жолдасбековтің «Көне түркі ескерткіштері және олардың қазақ әдебиетіне қатысы» (1969), С.Қасқабасовтың «Казахская волшебная сказка» (1972), Е.Тұрсыновтың «Генезис казахской бытовой сказки» (1973), «Қазақ ауыз әдебиетін жасаушылардың байырғы өкілдері» (1976), А.Қыраубаеваның «Қисса-и Рабғузи», «Махаббатнаманың» идеялық-көркемдік ерекшеліктері» (1974), Ә.Қоңыратбаевтың «Эпос және оның айтушылары» (1975), Х.Сүйіншәлиевтің «Орта ғасыр әдеби ескерткіштері» (1975), «ІХ-ХІІ ғасыр­лардағы әдебиет ескерткіштері» (1977), Р.Бердібаевтың «Ғасырлар толғауы» (1977), Ш.Ыбыраевтың «Қорқыт ата кітабының» поэтикасын түркі халықтарының эпосымен салыстыра зерттеу» (1979), Қ.Өмір­әлиевтің «VІІІ-ХІІ ғасырлардағы көне түркі әдеби ескерткіштері» (1985), Н.Келімбетовтің «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» (1986) атты еңбектері айқындайды.
Ш.Ыбыраевтың «Қорқыт ата кітабының» поэтикасын түркі халықтарының эпосымен салыстыра зерттеу» еңбегінде «дүниежүзіне әйгілі орта ғасырлық жазба эпос «Қорқыт ата кітабының» поэтикасы өзге түркі халықтарының (қазақ, өзбек, қырғыз, түркмен, алтай, т. б.) ауызша дәстүрінде өмір сүріп келе жатқан жырлармен типологиялық негізінде қарастырылып, ауызша, жазбаша эпостық, көне эпос, батырлар жыры және романдық эпостың арасындағы ұқсастық пен айырмашылықтар поэтикалық, стильдік деңгейде анықталады. Эпостың көркемдік бейнелеу құралдары мотивпен, сюжетпен, жанрлық, идеялық-тақырыптық белгілерімен бірлікте зерттелді (Р.Бердібаев).
Ауыз әдебиеті туындыларының тегі, жасалу және даму, өзгеру және түрлену заңдылықтары талданып, ұлтымыздың эпос, ертегі, аңыз-әңгіме, тұрмыс-салт өлеңі түркі-моңғол халықтарының ­фольклорымен алғаш рет салыстыр­малы тұрғыда қарастырылған «Қазақ фольклорының типологиясы» (1981); ежелгі архаикалық эпостың кейіннен қаһармандық жырға ауысу үрдісі, Қорқыт туралы халықтар арасына тараған аңыз-жырлар эволюция­сы, олардың өзара байланысы жан-жақты сараланған «Қазақ фольклористикасының тарихы» (1988) атты ұжымдық еңбектерде қамтылған профессор Шәкір Ыбыраев ғылыми мақалаларының зерттеу әдістері, проблемалық қойылымдары жаңашыл сипатымен назар аудартты.
«Қазақ фольклорының типологиясы» ұжымдық кітаптағы ғылыми мақаласында ғалым қазақ-оғыз эпостарындағы тегі бір желілер және олардың өзгеруін саралап, «Қорқыт ата кітабы» мен «Алпамыс», «Қобыланды» жырларындағы кейбір мотивтердің типологиялық ерекшеліктерін қарастырды. Қазақ эпосын кешенді зерттеудегі толымды ғылыми ізденісімен «Эпос әлемі. Қазақтың батырлық жырларының поэтикасы» (1993) атты іргелі монографиясы жарық көрді. Бұл еңбек тәуелсіздік дәуіріндегі ұлттық фольклористика мен түркітанудың әлемдік контекстегі жаңашыл бағыттағы ғылыми-әдіснамалық бағдарын айқындады.
Қорқыттанудағы ізденістерін үнемі тереңдетіп отырған зерттеу­шінің «Қорқыт ата кітабы» (1986) жарық көрді. Уақыт талабын, кезең сұранысын жіті бағамдаған ғалымның ұйытқы болуымен түркі рухани әлеміне олжа салған «Қорқыт ата» (1999) энциклопедиялық жинағы басылды.
Түркі дүниесінің рухани-мәдени, ғылыми-ағартушылық интеграциясы жолында бастамашыл идеяларды көтеріп, осы бағытта үнемі игі істерді жүзеге асырып келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы ­Назарбаевтың ұйғарымымен 2010 жылы елорда төрінде түркі жұртының бай рухани мұрасын зерттейтін «Халықаралық түркі академиясы» ғылыми орталығы құрылғаны мәлім. Ғылым саласы мен жоғары білім жүйесіндегі еңбектерімен ғылыми ортада үлкен беделге ие болған Шәкір Шәкімшәріпұлына мемлекеттік маңызы орасан зор үлкен жауапкершілік жүктеліп, ол Халықаралық түркі академиясының президенті болып тағайындалды. Эгей университетінің профессоры (Түркия), «Түркология» халықаралық журналының бас редакторы, Түркі әлемі қауымдастығының атқарушы директоры, Дүниежүзі түркологтары ассоциациясының атқарушы директоры сынды беделді қызметтерімен түркі әлемінің ғылыми және рухани байланысын дәнекерлеуге өзіндік үлесін қосты. Бұл бағыттағы елеулі еңбектері бағаланып, «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері атанды.
Түркітанудағы келелі мәселелерді нысаналы зерттеуге бағытталған «Түркі дүниесі – әдебиет тарихы. Түркі эпосының поэтикасы», «Қазақтың тарихи тұлғаларының ғаламдық деңгейдегі орнының шендесуі (детерминденуі)», «Орталық Азия және Қазақстан халықтарының тарихи-мәдени мұрасын алтаистика және түркология аясында зерделеу» тақырыптарындағы кешенді ғылыми жобаларға жетекшілік етті.
Адамзат өркениетінде өзіндік тұғыры асқақ түркі халықтарына тиесілі жазба ескерткіштер мен түркі халықтары тарихындағы бірегей тұлғалардың еңбектерін қамтитын VIII-ХV хатқа түскен ортақ мұра, дербес тілдік белгілері айқын ХVI-ХVIII ғасыр түркі жәдігерлері және қазіргі түркі әдебиетінің классикалық шығармаларынан үзінділер топтастырылып берілген «Асыл мұра» түркі антология­сының» (2012), «Түркі дүниесі. Ғылыми-көпшілік альманахының» (2012), «Түркология: Дүниежүзі түркологиясының тарихы» (2016) ұжымдық монографиясының жарық көруіне ұйытқы болды.
Әлемдік рухани және ғылыми ықпалдастықтың жаңа парадигмаларына сергек қарайтын зерттеушінің «Дастан құрылымы» (1998), «Бастау: Қазақ халқының фольклоры туралы зерттеулер» (2009), «От фольклористики до тюркологии» (2010), «Түркі эпосының поэтикасы мен типологиясы (қазақ батырлық жырлары негізінде) (2012) еңбектерінде филологиялық саралаулар мен талдауда ұстанатын ғылыми-әдіснамалық қағидаттары заманауи зерттеулер ұстанымымен сабақтасып жатыр. Атап айтқанда, «Бастау» кітабындағы «Қазақ ауыз әдебиеті туралы», «Қазақ фольклористикасы: кеше, бүгін, ертең», «Қазақ халқының қолжазба мұрасы хақында», «Қазақ мифі», «Балалар фольклоры», «Балалардың ойын фольклоры», «Наным-сенім өлеңдерінің салтқа және сөз өнеріне қатысы», «Батырлық жырлар», «Алпамыс» жыры туралы тағы бір толғам», «Манас» эпосының феномендік сипаты», «Қорқыт және шаманизм», сонымен қатар «От фольклористики до тюркологии» ғылыми басылымындағы «Периодизация истории казахской литературы», «Общие проблемы фольклористики и тюркологии», «Поэтика Огузского героического эпоса» тарауларындағы жүйелі де кешенді талдаулары қазіргі таңдағы синергетика ілімінің талабымен толықтай үйлеседі.
Қандай да болмасын зерттеулеріне тыңғылықты дайындықпен, өрелі жауапкершілікпен келетін Шәкір Шәкімшәріпұлы қазіргі классикалық филологиядағы заманауи әдістерді үнемі кәсіби біліктілікпен ұштастырып отырады. Соңғы жылдардағы ғылыми ізденісінің жемісі іспеттес «Абай феномені» (2020) зерттеуі құрылымдық (структуралық) талдауларымен ерекшеленеді. Абай шығармашылығы тарихи-философиялық, әдеби-лингвистикалық аспектіде қарастырылып, поэзиясының көпқабатты сипаты, құрылымдық жүйесі талданған кітап қазіргі абайтануға жаңашыл серпін дарытуда.
Аталған кітаптағы «Абайтанудың заманауи мәселелері», «Абайдың ақындық тұлғасы», «Абайдың ақындық сыры», «Абай өлеңдеріндегі автор және оқырман бейнесі», «Абай феномені және әлеуметтік парадигмасы» бөлімдеріндегі жүйелі және кешенді зерделеулер (интерпретация) герменевтика, рецептивті эстетика, теориялық поэтика, семиотика сипатындағы заманауи әдіснамалық саралауларға негізделген.
Көркем мәтін филологиялық талдау нысанына алынған зерттеу дискурстық екшеулерімен құнды. Зерттеудегі «генеративті ой» (қайта пайымдау), «ретроспективті ой», «діңгекті идея», «шығарма құрылымы», «шығарма тұтастығы», «перекодировка», «мәтін тұтастығы», «мәтінаралық деңгей», т. б. терминдер, ғалым атап көрсеткеніндей, «Абай шығармаларын талдаудың және танып-білудің әдіс-тәсілдерін базалық негізге қою – ақынның нақты шығармадағы идеясын, түпкі ойын түсінуге ықпал жасауға тиіс». Сол арқылы Абай поэзиясының мәдени, ұлттық, тарихи кодына бойлап, оның түпкі мәніне үңілуіміздегі сана сорабына серпіліс пен сілкініс дарытуды діттейді.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті түркітану кафедрасында профессор Ш.Ыбыраев бұл күнде жаңа гуманитарлық білім беру жүйесін заманауи сапалық өреге шығару ісінде тер төгуде. Жоғарғы мектеп саласында қырық жылға жуық қызмет еткен Шәкір Шәкімшәріпұлы магистранттар мен докторанттарға «Түрк фольклоры», «Түрк халықтарының мифология­сы», «Түркітану ілімінің қазіргі мәселелері», «Қазіргі түркологиялық парадигмалар» курстары бойынша дәрістер оқиды.
Түп атасы қазақ тарихындағы текті әулеттен тамыр тартатын көрнекті ғалымды мерейлі жасымен құттықтай отырып, ғылыми ізденіс­теріне толайым табыс тілейміз. Азамат, ғалым, ұстаздың ғылыми еңбектерінің жаңа бағыттарын талантты ізбасар шәкірттері жалғас­тырарына сеніміміз мол.
Осынау мерейлі 70 жасына зиялы қауымның кіршіксіз құрметі, ғылыми қауымдастықтың ерекше ілтипатына бөленіп жеткен ақ жүрек тұлғаға алты Алаштың абыз ақсақалы болыңыз деген игі тілегімізді білдіреміз.

Сағымбай ЖҰМАҒҰЛ,
филология ғылымдарының докторы,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button