#Жаңа Қазақстан

Үміткерлер Қолжазба орталығында болды

Елорданың Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының ұжымына Amanat партиясынан ҚР Парламентінің Мәжілісіне депутаттыққа кандидаттар Дихан Қамзабекұлы мен Жұлдыз Сүлейменова сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

Орталық директоры Жандос ­Болдықов 2017 жылы құрылған мекеменің қалыптасу жолы мен тындырған жұмыстарын баяндай келе, 23 маманнан тұратын шағын ұжымның жеке ғимараты жоқтығын, қызметкерлерінің төмен жалақысы мен реставратор секілді кәсіби мамандардың жетіспейтіндігін, жаңа технология алуға қаржы мардымсыз бөлінетінін жеткізді. Партияға аманат ретінде орталықтың ұлттық мәртебесіне сай қаржы бөлгізуге ықпал етуді, елдегі түрлі деңгейдегі 90 қорды осы мекемеге жинауды, жеке ғимарат мәселесін шешуді, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында реставратор мамандығын ашуды ұсынды.

Мәжіліс депутаттығынан үміткер Ж.Сүлейменова Орталық проблемасы Парламенттің өткен шақырылымынан таныс екенін, әріптес депутаттармен бірге салалық министрліктің бұрынғы басшылығына сауал жібергенін және мекеменің ғылым саласында болуын қолдайтынын жеткізді. Ж.Болдықов: «Amanat партиясының алға қойған мақсаты – әрбір азаматтың өмір сапасын арттыру, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, есеп беретін және халық үніне құлақ асатын мемлекет құру. Ұлттық орталыққа келген үміткерлер саяси ұйымның нақты жоспары, міндеті туралы толымды ақпарат берді. Біздің мәдениет пен білім саласына қатысты ұсыныстарымызды мұқият тыңдап, хатқа түсіргеніне де ризамыз» деп риясыз пейілін жеткізді.

Кездесуде бұрынғы «Кітап музейі» мұрасын, Ғылыми кітапханадағы қолжазба қорын бір орталыққа жинақтау, Ұлттық ғылым академиясын, жетекші ғылыми-зерттеу институттарын Астанаға көшіру, тағы басқа мәселелер көтерілді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button