Білім

ҰЛЫҚТАСАҢ, ҰСТАЗ ІСІН ҰЛЫҚТА

4

«Қазақстан – 2050» стратегиялық жоспардың негізгі басымдықтарын іске асыруға бағытталған жұмыстарды, өндіріске инновациялық технологияны енгізуді тікелей іске асырушы жастарға, болашақ мамандарға сапалы білім берудің қаншалықты маңызы барын баршамыз жақсы түсінеміз.

Әрине, еліміздің білім мен ғылым саласындағы біршама жеткен табыстары қуантады, бірақ та, білім жүйесіндегі үздіксіз, нәтижесіне жетпей, бірінен соң бірі жүргізіліп келе жатқан қайта құрулар (реформалар), Білім және ғылым министрлігіндегі басшылықтың екі-үш жылда жиі ауыса беруі еліміздің болашағы болатын жастарға білім мен тәрбие беруге кедергі бола ма деген сұрақ біз сияқты қарт ұстаздарды қатты алаңдатады.

 Білім саласындағы реформалар қоғамның негізгі байлығы – жас буынға бағытталып жүргізілетін болғандықтан, реформаларды өте сақ, әбден пісіп жетілген нәтижелердің негізінде жүргізуіміз қажет қой.

Мұғалімдердің еңбекақы төмен, ал жыл сайын мемлекет тарапынан еңбекақыға қосатын азғана үстеме-пайыздарды, іле-шала азық-түлікке және басқа да тауарларға қосылатын үстеме бағалар жеп қоюда. Нақтылап айтсақ, ұстаздың еңбекақысы осындай келеңсіз жағдайда бұрынғысынша өспегенін байқатады.

Астана, Алматы сияқты ірі қалаларда күнкөріс деңгейі жоғары болғандықтан, отбасын асырау мақсатында мұғалімдер амалсыз екі-үш ставкамен жұмыс істеуге мәжбүр. Екі жерде қызмет атқарып, түнде күзетте болған мұғалімді де көрдік. Осындай жағдайда 36-40 сағат жүктемесі бар мұғалімнен қандай білім сапасын сұраймыз? Ұстаз жүктемесін жоғарғы буында 12-14 сағатқа дейін азайту, ал төменгі буында 16-18 сағатқа дейін азайту мәселесі әлі де болсын шешілмей келеді. Бүгінгі жеделдетілген ақпараттық заманда жаңаша сабақ өткізу, оқушылармен қарым-қатынас жасау, секунд сайын өзгеретін жаңалықтарды мұғалімге игеру көп уақытты алады. Мектепте  аптасына 18 сағат сабақ беру үшін өз ісіне берілген мұғалім кемінде үйінде аптасына 36 сағаттан 54 сағатқа дейін уақыт жұмсайтынын барлық жұрт  біле бермейді.

Оқу сапасының талапқа сай болмауының басты кедергілерінің бірі деп он жылдай қатарынан жүргізіліп келе жатқан  «жаңашылдық» – ҰБТ-ны (ұлттық бірыңғай тестілеуді) атар едім.

ҰБТ – оқушылардың ойлау-сөй­леу жүйесін дамытпай, үздіксіз қай­та­лау арқылы тестте көрсетілген сұрақ­тарды көру машықтығымен ғана ұғуға үйретеді. Сабақта ауызекі сөйлеу уақыты азайды, соның салдарынан оқушыларымыздың әдеби сөйлеу мәдениеті мүлдем төмендеп кетті.  Көптеген оқушылар жыл бойы сабақ оқымай-ақ, ҰБТ-дан жоғары балл алып жүргендігін ұстаздарымыздың өз аузынан жиі естиміз.

Екіншіден, мектеп ұжымының жылдық жұмысы, тіпті, аудан, облыс әкімдерінің жұмысын бағалау 2004 жылдан бері ҰБТ-ның нәтижесіне байланысты жүргізіліп келеді. Бұл дұрыс емес. Кейбір мектептер оқушы­лардың және олардың ата-аналарын ҰБТ-ға қатысу еркіндігінен айырып,  қорытынды тестілеуге, негізінен, тек жақсы оқығандарды жібереді. Егер нақты салыстырмалы  терең зерттеулер жүргізілсе, бұл кемшіліктер анықталар еді. Мектеп бітіруші 30 оқушының 15-ін ҰБТ-ға жіберіп балл жинаған мектеп пен 30 мектеп бітірушісінің 30-ында ҰБТ-ға толық жіберіп бірдей балл алған мектеп ұжымдарын бір деңгейде бағалау әділетсіздік емес пе?

Сондықтан, бұл кемшіліктерді жою үшін оқушылардың әдеби тілмен сөйлеуін  және  мемлекеттік тілді сауатты, тез меңгеруі үшін қазақ тілі мен әдебиет пәнінен мемлекеттік емтихан – жазбаша шығарма жазуды, ал орыс мектептерінде диктант алуды қайта енгізген жөн.

Үшіншіден, елімізде ұстаздар еңбегін ескеруде қаншама жұмыстар жүргізіліп жатқанымен әлі күнге дейін тиісінше бағаланбай келеді. Оған бір мысал, кезінде біз жамандайтын кеңес үкіметі тұсында 25 жыл үз­бей еңбектенген ұстаздар мен мектеп басшыларына сол кезеңдегі марапаттардың ең жоғарғысы – «Ленин ордені» берілетін, кейін­нен 25 жыл жұмыс өтілі бар ерте зейнеткерлікке шыққан барлық ұстаздарды 1990 жылдарға дейін «Еңбек ардагері» медалімен марапаттайтын.

Менің 48 жыл үзбей ұстаздық еңбек еткен қайран еңбегім, оның ішінде 28 жыл ауыл мектебінің директоры болып еңбек етуім соған дәлел ретінде  мысал бола алады. Кеудеге таққаным тәуелсіздіктің алғашқы жылдары асығыс әзірленген дизайны ойластырылмаған «Білім саласының үздігі» белгісі ғана.

Ұстаздар жанұясымыз. Отбасы­мыздағы 7 ұстаздың 145 жылдық жұмыс өтілі бар, бірақ та 50 жыл алдымнан өткен мыңдаған шәкірт­те­рімнің, балаларым мен немереле­рім­нің алдында еңбегіміздің баға­лан­бағанына  ұялам, кейінгі өз ұр­пақтарым бұл мамандықты қаламай қала  ма деп қорқамын.

 

Қажымұрат НӘСИЕВ,

ардагер ұстаз

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button