Қала мен Сала

ЖОЛ-ПАТРУЛЬДIК ПОЛИЦИЯСЫ ЖҰМЫС ҮСТIНДЕ

[wppa type=»slideonly» album=»23″ size=»auto»][/wppa]

Қазақстанда шетелдің тәжірибесі жүзеге асырылып, жол және патрульдік полицияның саптық бөлімшелері біріктірілді. Енді әмбебап полицейлер көше бұзақыларын тізгіндеп, аузына ащы су тисе, күш көрсетуге әзір тұратын тентектерді жөнге салуға, жол қозғалысы ережесі мен қоғамдық тәртіпті бұзғандарды ұстап, жазалауға, сөйтіп, өз мүмкіндіктерін барынша сарқа пайдалануға күш салуда. Негізінен, бұл – қазақстандық полиция қызметкерлерінің жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған жоспарлы да жүйелі қолға алынған іс-шаралар. Оның берері қандай, еліміздегі қылмысты азайтып, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, көшелердегі келеңсіздіктер мен тәртіп бұзушылықты азайтуға мүмкіндік бере ме? Әрине, бұл сауалдарға уақыт төреші.

Осы жылдың қараша айынан бас­тап, елорда ішкі істер органдарына да «әмбебап полицей» жаңа жұмыс жүйесі енгізіліп, патрульдік полиция жол полициясымен қосылған болатын. Іске кіріскеніне бір айдан астам уақыт өткен  бас қаладағы жаңа құрылымның жұмысымен жақынырақ танысуды жөн көрдік.

 

Жұмыстағы басты ұстаным – кішіпейілдік

Астана қаласы Ішкі істер департаменті Жол-патрульдік полициясы полкінің бас штабы Н.Тілендиев даңғылының бойында орналасыпты. Алдын ала уағдаласқанымыздай, бізді мұнда штаб бастығы, полиция майоры  Бақытжан Бидахметов қарсы алды. Біз барған кезде полк ауысымдық алмасу, кешкі қызмет міндеттерін бөлу үшін сапқа тұрғызылған екен.

Кезекті түгендеуден кейін Бақытжан Жұмаханұлы қызметкерлерге қарап былай деді:

– Құрметті әріптестер! Сіздер қазір кезекті қызметтеріңізді атқаруға кірісесіздер. Бізге қоғамның артып отырған жүгі ауыр. Жұмыс кезінде сіздер қоғамдық орындарда ішімдік ішкендерді тәртіпке шақыру, ұсақ бұзақылықтар жасау мен құжаты жоқ қаңғыбастарды қабылдау-реттеу орындарына жеткізу, атыс, суық қаруларды заңсыз тасымалдау фактілеріне тосқауыл қоясыздар. Сонымен қатар, жол қозғалысын, көше қиылыстарында кептелістер туындаған жағдайда оны реттеу мәселелері де сіздердің міндеттеріңізде. Әсіресе, отбасылық әлеуметтік-тұрмыстық жанжалдарда өте мұқият болыңыздар. Біздің жұмысымыздағы ең басты ерекшелік – адамдарға кішіпейілділік танытып, олармен барынша тіл табыса білу. Кез келген жағдайда оқиғаның өрбу барысын орталық штабқа мәлімдеп, ақылдаса әрекет ету қажет.

Осыдан кейін әр экипаж өз машиналарының жанына келіп, түнгі кезекшілікті атқаруға дайын екендіктерін баяндады да жұмысқа аттанып кетті.

Мұнда тәулік бойы үш жүз елу қызметкер кезекшілік атқарады екен. Әр қызметкерге арнаулы жетондар мен «жол-патрульдік полициясы» деген жазуы бар кеудешелер беріліпті.  Сондай-ақ, киімдерінің жеңдеріне жаңадан бекітілген үлгіге сәйкес айырықша белгі (шеврон) тағылыпты.

Автокөліктері де графикалық сызбалары мен бүйіріндегі жазуларын әкімшілік полицияның саптық бөліністері атауларына сәйкестендіріп,  бұрынғы «Жол полициясы» және «Патрульдік полиция» жазуларын «Жол-патрульдік полициясы» деген жазуға ауыстырыпты.

Жол-патрульдік полкінің штаб бастығы Бақытжан Бидахметовтың айтуынша, патрульдік және жол полициясы бөлімшесін біріктіру арқылы қалада патрульдік және жол полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты өздеріне жүктелген әмбебап міндеттерді ойдағыдай жүзеге асырып келе жатқан көрінеді. Сондай-ақ, оларға бұрынғыдай қаладан тысқары жерлердегі күре жолдарда жол қауіпсіздігін сақтау басымдығы берілген. Екіншіден, қызметті атқарудың жаңа түріне көшу барысында қызметкерлерге арнаулы жаттығудан өту қарастырылған. Атап айтқанда, олар жаңа жағдайда жұмысты ұйымдастыру тәсілдерін үйреніп, әкімшілік заңдылық нормаларын меңгеруде. Ол дегеніміз –  қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы ережесін бұзған адамдарға қатысты әкімшілік хаттама толтыруды, көлік құрал-дарын (В және С) санатына сәйкес басқаруды үйрену. Бұған қоса, қазіргі күні жаңа құрылым – барлық жол-патрульдік бөлімше қызметкерлерін техникалық жағынан (бейнежазу құралдарымен, құқық бұзушылықты, халықаралық және қалааралық автобус жүргізушілерінің еңбек тәртібі мен демалу жағдайын анықтайтын автоматты қондырғылармен) жарақтандыру мәселесі қаралуда.

Бір ерекшелігі, әдеттегідей жол және патрульдік полиция қызметкерлерінің жұмысын хабарламалар мен дабыл атаулының барлығы түсетін Жедел басқару орталығы үйлестіріп отырады. Әрбір жол және патрульдік полиция бөлімшесі арнайы дабыл бергіш радиомен кез келген жол-көлік оқиғасына қатысты мәселелерді өте жылдам әрі заңдық тұрғыдан анықтауға мүмкіндік беретін осы заманғы техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Әмбебап полицейлерге қойылатын талап та айрықша. Ең бастысы, бұл бөлімше қызметкерлерінің формалық киімі күнделікті жұмыста ыңғайлы әрі бірден айшықталып тұратын болуы тиіс. Өйткені, жол-патрульдік полицияның алдына қойылатын басты міндет – қоғамдық тәртіпті қадағалау, қоғамдық қауіпсіздікті және  жол қауіпсіздігін сақтау.

 

«Рекстің» шабуылынан қорғану

Қаладағы №2 тірек пунктінің «Иргиз-21» жол-патрульдік полицейі құрамында аға лейтенант Мықтыбек Бектеміров, жүргізуші, аға сержант Қаршыға Сағынов, полиция инспекторы, сержант Қуат Түсіпов бар әмбебап полиция экипажы жолға шықты.

Олардың бақылайтын ауданы С.Сейфуллин,  Ш.Уәлиханов, Ә.Сембинов, Б.Бейсекбаев, Кенесары, Асанқайғы, А.Иманов көшелері мен Абай даңғылының бойы екен. Бірінші ауысым таңертеңгі 7.00-ден 19.00-ге дейін болса, екінші ауысым 19.00-ден таңғы 7.00-ге дейін қызмет атқарады.

Міне, алғашқы жол қозғалысын ережесін өрескел бұзу фактісіне кезіктік.  Бейсекбаев көшесінің бойында екі автомашина жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, қарама қарсы келе жатқан «Мерседес» автомобиліне көз көріне апаттық жағдай туғызды. Осы сәтте жол ережесін бұзушыларды экипаж қызметкерлері де тоқтатып үлгерді.

Екі жүргізуші де инспектордың бұйрығына бағынып, жолдың оң жақ жиегіне тоқтады. Біріншісі – мемлекеттік нөмірі 292 АНА 01 «БМБ» автомашинасы болса, екіншісі – мемлекеттік нөмірі  802 АҒ 01  «Лада ларгус» автомашинасы. Алғашқы машинаның жүргізушісі 1988 жылы туған азамат В.Запикин қателігін бірден мойындап, құжаттарын инспекторға ұсынып жатқанда, екінші В.Борисович деген жүргізуші өзінің жол ережесін мәжбүрліктен бұзғанын айтып, ашу шақырды. Алайда, жол инспекторлары Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463-бабының 3-тармағы бойынша жол қозғалысы ережесін бұзғанын оған сабырмен түсіндіріп берді.

Келесі кезекте басқару орталығынан Асанқайғы көшесіндегі 67-үйде үлкен төбет иттің босанып кетіп, көшедегі жүргіншілерге қауіп төндіріп тұрғандығы туралы дабыл келіп түсті. Автопатруль бағытты бірден аталған мекенжайға қарай бұрды. Расында да, кішігірім тайыншадай сарғыл төбет көше бойында «сайран салып» жүр. Топ жетекшісі Мықтыбек Бектеміров көліктен түскен бойда қолына ұстаған құтыдағы сұйықтықты төбеттің бетіне шашты. Төбет қыңсылап барып, тұмсығын қарға көмді. Сөйтсек, бұл денсаулыққа еш зияны жоқ уақытша денені дәрменсіздендіретін ащы қызыл бұрышқа ұқсас дәрі екен. Мықтыбектің айтуынша, қызмет кезінде неше түрлі адамдар кездеседі. Мәселен, таяуда бір мейрамханада ішімдіктің буына есірген екі топ сәл нәрсеге келісе алмай қалып, жаппай төбелес шығарған кезде осы Мықтыбектің экипажына жедел дабыл түсіпті.

«Оқиға орнына келсек, дып-дырдай ересек адамдар бір-бірімен жаға жыртысып, жұдырықтасып жүр. Айырғанға көнбейді. Не істерге керек? Осы дәріні қолдануға тура келді. Беттеріне шашып келіп жібергенде, алты адам жан-жаққа домалап түсті, қолдарына кісен салып, машинаға апарып тоғыттық. Әйтпесе, күш бермес еді», – деп есіне алады ол.

Міне, енді көшеде өткен-кеткен адамдарға айбат шеккен төбет итті де осылай ауыздықтауға тура келіп тұр. Үй иесі Гүлстан Қожамқұлова шығып итін «Рекс», «Рекс» деп шақырып, бұғаулаймын дегенше, дәрінің уыты басылды ма, алып төбет анадай жерде тұрған Мықтыбекке тағы тап берді. Бұл жолы есесін жібермей қауып алмаққа бекінген секілді. Мықтыбек те қолындағы жаңағы ащы дәріні тағы  шашып үлгерді. Ит қыңсылап, бетін қарға көмді.

Абай даңғылында Ш.Уәлиханов көшесі қиылысына жақын маңда автокөлік қозғалысына айтарлықтай кедергі келтіретін оқиға орын алды. Көліктің тоқтап тұруына тыйым салатын жол белгісіне қарамастан, иелері бірнеше автомобильді қаңтарып кетіп қалған. Соның салдарынан едәуір кептеліс пайда болыпты. Автопат­руль бірнеше жеңіл машинаның мемлекеттік нөмірін ағытып алып, маңдайша әйнегіне жол ережесін бұзғаны үшін айыппұлды қайда келіп төлейтіні туралы мекенжайы жазылған жазба қалдырды.

– Иә, рас, мен сәбиімді балабақшадан алу үшін тек бес минутқа ғана машинамды қойып кеткенмін, – деп ақталды қайтып оралған «Мазда» автомобилінің жүргізушісі.

– Бұл жерде сіздің қанша уақытқа кеткеніңіз маңызды емес, ең бастысы, сіз жол қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін жол қозғалысы ережесін өрескел бұздыңыз, – деп инспектор Қуат Түсіпов жүргізушінің қателігін дәлелдеп берді.

Енді бір жол-көлік оқиғасын жасаған жүргізуші жол-патруль машинасы жеткенше жәбірленушімен өзара бейбіт келісімге келген екен. «Біз мұндай өздері келіскен жағдайда хаттама толтырмаймыз. Тек, екі жүргізушінің де құжаттарын тексеріп, дұрыс болса, жөндеріне жібереміз» деп түсіндірді мән-жайды Мықтыбек Бектеміров.

 

Жол реттеушіге де шеберлік қажет

Барлық патрульдердің қолында рация. Қызметкерлер түнде кезекшілік атқарғандықтан, оларға дабыл қағу үшін мұндай қондырғы әбден қажет. Тіпті, Дархан Сембаев автомат та асынып алыпты. «Өткен түнде тойдан шыққан екі адамның машиналарынан екі атыс қаруы табылды. Осындай кезде олар қолдарына автомат ұстаған полицейді көрсе, артық әрекетке бармай, бұйрыққа бағына бастайды. Батырға да жан керек деген. Қанша дегенмен, автоматтың түсі суық көрінетін болса керек» дейді ол.

Қазір Астанада әмбебап полицейлер жаңа үлгідегі төсбелгілер мен киімнің жеңіне тағатын шеврондармен жабдықталған. Ал, жезлдер тек ұтқыр экипажға беріледі. Өйткені, ереже бойынша әмбебап полицейлер жол бойындағы күзет кезінде автомобиль жүргізушілерін тоқтатады. Кейде бұйрыққа бағынбай қашатындар бар. Ондай кезде тиісті ақпарат алдағы жақын маңдағы полицияға беріледі.

Амангелді Иманов және Шоқан Уәлиханов көшелерінің қиылысындағы бағдаршам өшіп қалып, сол жердегі жол қозғалысын реттеуге Арман Сәрсеков есімді инспектор келді. Қимылы ширақ. Әп-сәтте көше қиылысында кептеліске түсіп қалған автомобильдерді бағыт-бағытымен жөндеріне аттандырды. Әңгімеге тарттық.

– Бұрын патрульдік полицияда жұмыс істегенмін. Өткен қыркүйек айында арнаулы мектепте қайта дайындықтан өттік. Болашақ әмбебап полицейлер қатарында қызмет атқарғысы келетіндердің жүргізушілік куәлігі болуы қажет. Сонымен қатар жол қозғалысы ережесін бес саусақтай біліп, қол қимылымен көше қиылыстарындағы автомобиль тасқынының жүрісін реттеуге дағдылану міндетті. Сондай-ақ, автомобиль жүргізе білуің де басты назарға алынады. Бәрін бір күнде меңгеріп кеттім деп айта алмаймын. Біз жұмыс барысында бір-бірімізден үйренеміз, – дейді ол.

Мәселен, кезекшілікке шыққан экипаж жол қозғалысы ережесін бұзушыны тоқтатады. Оған жіберген қателігі туралы түсіндіріп, жол инс­пекторы хаттама толтырған кезде бұрынғы патруль қызметкері оны мұқият қарап тұрып, қайталайды. Кейде керісінше де болады. Міне, тәжірибе жүзіндегі үйрену үрдістері күн сайын осылай бірте-бірте қалыптасады.

Бір байқағанымыз, жұмыстарын аяқтағаннан кейін әмбебап полицейлер үйлеріне қайтуға асықпайды. Бір жарым, екі сағаттай кептеліске түсіп қалған автокөліктерді қалай да тезірек «тарқату» үшін реттеуіштік машыққа жаттығады. Ал, шын мәнінде ол да үлкен шеберлікті қажет ететін күрделі жұмыс.

Мына қызықты қараңыз, әмбебап полицей кейде педагогтың да рөліне еніп кететін жағдайлар болады екен. Аға сержант Дархан Сембаев көшенің белгіленбеген жерінен бес-алты жасар баласымен өтіп бара жатқан келіншекті тоқтатты.

– Жолдың белгіленбеген жерінен өту өміріңізге қауіпті, сіз жол ережесін өрескел бұзып тұрсыз, – деп еді. Келіншек бет бақтырмады. «Екі жүз, үш жүз метр жердегі бағдаршамнан айналып өтіп жүруге уақытым жоқ. Оның үстіне жақын келе жатқан көлік те көрінбейді, несіне мені тоқтатасыз?» – деп ашу шақырды.

Ал Дархан болса, келіншекті ережемен таныстырып, ол өзінің ғана емес, жас баласының да өмірін қатерге тігіп тұрғандығын баса айтты. Бүгін анасымен бірге жолдың кез келген жерінен кесіп өткен сәби ертең көшеге жалғыз шыға қалса, тап солай анасының қателігін айнытпай қайталары сөзсіз. Міне, осыны жол инспекторы асықпай дәлелдермен түсіндіру үшін жарты сағат уақытын  сарп етті.

Айта берсе, мұндай мысалдар жетіп артылады. Біздің мақсатымыз – жаңадан қосылған екі құрылымның біріккен жаңа жұмысының тың беттерін көрсету еді. Бұның түп төркіні еуропа елдерінде жатыр. Оларда жол полициясы немесе патрульдік полиция деген ұғым жоқ. Қазақстан да жақсыны қабылдап, Грузияның тәжірибесін өзіне пайдалануды жөн көрді. Сарапшылардың пікірінше, осының барлығы қайткен күнде сыбайлас жемқорлыққа тоқтау саламыз деген ізденістен туған игі қадамдар.

Біріктірілген жол-патруль полициясы полкінде 780 білікті маман қызметкер бар. Штаб бастығы Бақытжан Бидахметовтың айтуынша, істеліп жатқан жұмыстың барлығы да қаладағы қылмысты азайтып, отбасылық-тұрмыстық кикілжіңдерді басуға, кәмелетке толмағандар мен басқа да қылмыстардың алдын алуға бағытталған. Біз оған рейд барысында толық көз жеткіздік.

Таңатар Төлеуғалиев

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button