Мәселе

Алаяқтар алдап соқты

Халықты талай зар илеткен қаржы пирамидалары туралы жазылудай жазылып, айтылудай айтылып жатыр. Аузы күйіп жатқандар қаншама?! Бірақ жеті басты аждаһа сияқты бір басын шапсаң, екінші басы шыға береді. Жылдың басында осындай топ Өскемен қаласында құрықталып еді, енді жақында Қарағанды қаласында қолға түсті. Ол ол ма? Қаржы пирамидасының қақпанына түсіп қалып, маңдай термен тапқан ақшаларын қайдағы жоқ алаяқтардың қалтасына салып беріп, діңкелері құрыған аңғал адамдарды енді микрокредиттік онлайн деген пәле ұршықша иіруде.

[smartslider3 slider=915]

МИКРОҰЙЫМҒА СЕНІМ ЖОҚ

Мұның қаржы пирамидасынан айырмашылығы – бұған ақша салмайсыз, олар сізге пайыздық мөлшерлемемен қаржы беріп, үстемесін ұстап отырады. Бірақ абайламасаңыз, бұл арқылы да сізді алдап соғатындар жетіп артылады екен. Соның біріне тоқталайық. Өзінің банкіге ауқымды қарызын көріп, Ахмет Асановтың жүрегі тоқтап қала жаздады. Үйінің пошта жәшігінен шыққан сот орындаушысы жіберген хатта оның 180 күн бойы қаладағы бір банкке қарыз екенін ескерткен хабарлама келіп тұр. Алғашқыда біреулердің қалжыңы ма деп ойлап қалғанымен, сот орындаушысының конвертке басылған мөрін көргенде сенбеске амалы қалмады. Таяудағы айда шетелге шығу мүмкіндігі болып қалатынын ойлағанда, Ахметтің бұл келген хат көңіл-күйін нілдей бұзды. Түн ұйқысы төрт бөлінді. Қайдағы несие ақша? Үш ұйықтаса да түсіне кірмепті. Ертеңгі күні сот орындаушысына барды. «Мен ешқашан банктен несие алып көрген жоқпын» деп еді. Сот орындаушысы оған «Қарызгерден «Таймер» фирмасының есебіне 98000 теңге өндірілсін» деген қаулыны көрсетті.

БҰЛ НЕҒЫЛҒАН «ТАЙМЕР»?

Интернеттен іздеп көріп еді, микроқаржылық қызмет көрсететін ұйым болып шықты. Басшыларына шықты. Көп ештеңе тындыра алмады. Біріне-бірі сілтеді. Айналып келгенде, ешқайсысы да мұның мәселесін нақты шешуге қауқарсыз болып шықты. Қаржы қызметінің тұтынушылар құқын қорғау департаментіне шағым түсірді. Сол сол-ақ екен, «Таймер» ұйымында қозғалыс басталып жүре берді. Ең әуелі қауіпсіздік қызметінің маманы телефон соқты. «Неге бірден бізге келмедіңіз? Мәселені сол жерде шешетін едік қой» деп бәйек болды. «Кеңсеге келудің қажеті шамалы. Біз бәрібір қашықтан жұмыс істейміз. Мәселеңізді бір күнде шешіп береміз» деп тағы үміттендірді. Арада екі күн өткенде Алмас Ермеков деген қызметкер телефон шалып, «Осы жылдың ақпан айында сіздің атыңыздан белгісіз біреу жеке мәліметтеріңізді пайдалана отырып, 50000 теңге онлайн-қарыз алған» деді. Енді, міне, сол қарыз төленбегесін күзге дейін өсіп, 98 мың теңгеге жетіп отыр. Сөйтіп Ахмет Асановтың ойламаған жерден кредиттік тарихына нұқсан келді. Алған несиесінің мерзімін өткізіп, 180 күн төлемегені үшін оған тағы да  үстеме қосылды. МКҰ қауіпсіздік қызметінен ол осылардың барлығын жөнге келтіруді талап етті. «Қалпына келтіреміз, бірақ таяудағы екі-үш ай сіз банкіден кредит ала алмайсыз» деді. Солай-ақ болсын. Барлығы қалпына келтірілсін. Алайда, алаяқ Ахмет Асановтың жеке мәліметтерін микроқаржылық ұйым арқылы қалай ұтымды пайдаланған?

НЕСИЕНІ РӘСІМДЕЙТІН РОБОТ

Тексере келгенде мына жай анықталды. Ахмет өткен жылы жеке куәлігін жоғалтып алып, жаңасын алған еді. Арам ойын жүзеге асырушы осы сәтті ұтымды пайдаланып, мұның бұрынғы куәлігімен мироқаржылық ұйымнан кредит алған. Ал ақша беруші тарап бұл мәліметтерге онша назар аудармаған. Қазір микроқаржылық ұйымнан кредит алу оп-оңай болып кеткенін екінің бірі біледі. Өйткені көбіне несиені рәсімдейтін адам емес, робот болып шығады. Ал алу жүйесі де қарапайым. Сол компанияның сайтына кіресіз де, құжатыңыздың мәліметтерін келтіресіз. Бөтен адамның банкілік картасын көрсетіп, сосын кез келген телефон нөмірінен SMS арқылы тіркелгеніңізді нақтылайсыз. Байқаған адамға «Таймердің» сайтында 1000 теңгеден 200000 теңгеге дейін кредит берілетіні айқайлап тұр. Робот Займер тәулік бойы жұмыс істейді. Ақша керек болса, кел де ала бер.

САТУШЫЛАРДЫ ДА ОҢДЫРМАДЫ

Егер сізді бір алаяқ алдап соққанын білсеңіз, қатты қобалжып, абдырап, сасудың қажеті жоқ. Ең бірінші қарыз берген микрокредиттік ұйымның атауын анықтаңыз. Ол агенттіктің жауапкершілік аймағында болса, тіпті жақсы. Алақол арамзалар сіздің атыңыздан қандай микрокредитік ұйымнан қарыз алғанын анықтағаннан кейін болған жайды бүге-шігесіне дейін түсіндіріп, шағым түсіріңіз. Төлем картаңыз немесе жеке куәлігіңіз жоғалған болса, оны нақтылайтын анықтаманы қоса тіркеңіз. Әрі осыған байланысты ішкі тексеріс жүргізуді талап етіңіз. Қазір екі интернет-алаяқ тиісті жазасын алу үшін сот шешімін күтуде. Ақша аудару деген желеумен сатушының СЖН-ы мен банкі картасы реквизиттерін сұрап алған. Содан кейін ол бойынша микрокредиттік ұйымнан онлайн-қарыз алған. Сөйтіп, онлайн-режимде микрокредиттік ұйымнан 41 адамның атынан 4 миллион 25 мың теңгені рәсімдеп үлгерген. Міне, осындай алаяқтарға микроқаржылық ұйымның еш тексерместен ақша беріп жіберуін қалай түсінуге болады? Заңгер Элмира Құсанованың айтуынша, мамыр айынан бастап заңға өзгерістер енгізіліпті. Микроқаржы ұйымына бақылау күшейтіліп, міндетті түрде телефон нөмірі, дауысыңызды нақтылау және қосымша құжаттар тапсырмай ақша берілмейтін болыпты. Бірақ бұл талапты бәрі бірдей орындап жатқан жоқ көрінеді. Сондықтан қаншалықты ашық болса да, киберқылмыскерлердің құрбаны болмас үшін жеке деректерді, сондай-ақ банктік карта деректерін үшінші адамға бермеу керектігін ұмытпаңыз. Бұл, түптеп келгенде, сіздің қауіпсіздігіңіз үшін аса қажет нәрсе.

 

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button