Айтпайын-ақ деп едім!

Балабақша жанында «Притон» бар

Астана қаласының Қабанбай батыр даңғылындағы 58 Б үйде «Priton»  лаундж-бары мен «Ботақан» балалар бақшасының қатар тұрғанына бесінші жылға айналып барады екен. Редакцияға арнайы келіп, мәселенің мәнісін айтқан ақсақал мұны бізге ашынып жеткізді.

Үкімет бизнес иелеріне тиіспеңдер дегенде, қаланың қақ төрінде дәмхана ашып, маңдайшасына ойыңа келген сөзді жазып, қарапайым жұрттың қытығына тиетін іс жасап, адамшылықтан асып кет депті ме?! Әлде тиісті мекемелерге «Priton» ашайын деп өтінішпен барғанда бұл сөздің не мағына беретінін ондағылар білмеді ме екен?

Притон – арам ойлы қасқөйлер мен бұралаң жолға түскендердің жиналатын жері. Бұл сөздің шығу тегін тексергенде ежелгі гректің «pritania» сөзіне тіреледі. Ол кезде притонда құрметті азаматтар бас қосады екен. Заман өзгерді, қазір бұл сөз нашақорлар мен қылмысты топтың жаргонына айналды. Бұл, дәлірек айтқанда, ұрылардың ұясы. Притонның бір түрі «бордель» деп жезөкшелердің жиналатын жерін айтады. Ойынпаздар, нашақорлар притоны мен алкопритондар атын да затын анықтап отыр.

Бұл «Priton» қылмысты әлемге көңілін де көзін де үйретіп, жаманшылыққа  шақырып тұрғандай. Әсіресе, жанында жұмыс істеп тұрған «Ботақан» балабақшасының бүлдіршіндеріне обал-ақ. Халықтың танымына қарсы, мәдениетіне қайшы, менталитетін бұзатын атауларды алдырып тастай алмайтындай етіп, астаналық құзырлы басқарманың қолын байлап қойған заңды Жаңа Қазақстан депутаттары өзгертетін кез келді. Әйтпесе, балабақшадан жаман атауға еті үйреніп өскен бала ел билігіне келіп мемлекетімізді притонға айналдырмасына кім кепіл?!

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button