Ресми бет

Дарынды балалар марапатталды

Елордада Алғыс айту күніне орай адамдарды құтқарып, батылдық көрсеткен және дарынды балалар марапатталды.

[smartslider3 slider=2303]

Іс-шараны ашқан қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев алдымен қатысушыларды Алғыс айту күнімен құттықтады. «Шараны қаламыздағы дарынды әрі ерлік істерімен көзге түсіп жүрген балаларды және олардың ата-аналарына алғыс айту мақсатында өткіздік. Адам өмірін құтқарған және керемет дарыны бар талантты оқушыларды өзгелерге дәріптеп, көрсеткіміз келді. Басқалар да үлгі алса екен деген ниетте осындай шара өткізуді ұйғардық. 13 жасар баланың өз өмірін қатерге тігіп, суға батқан адамды құтқаруы адамгершіліктің биік шыңы емес пе?! Тіпті ересек адамдардың өзі де мұндай сәтте ойланар еді. Біз олармен мақтанамыз. Мұндай балалар бізде, негізі, көп. Барлығының да ерліктерін көрсетіп, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттауымыз керек. Жалпы өзім де бала тәрбиелеп отырған әкемін. Ересектер өзінің іс-әрекетімен балаларға үлгі болуы тиіс. Сонда ғана әр баланың бойына адамгершілік дәнін сеуіп, мейірім шуағын орнатамыз деп ойлаймын» деді ол.

Іс-шараға қатысушы балалардың бәрі де осал емес. Мәселен, 8-сынып оқушылары Ильдар Бейсекеев мұз астына түсіп кеткен адамды, Кирилл Куфельд Нұра-Есіл арнасындағы суға батып бара жатқан баланы құтқарған. Осы ерліктері үшін ТЖМ «Батып бара жатқан адамды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталады. Егіз Арыстанбек пен Нариман Алмасов және Лариса Иванова ұлттық деңгейдегі «Елбасы медалі» жобасына қатысып, білімдерімен ерекшеленген. Ал 2-сынып оқушысы Жасмин Тузелова «Бала дауысы» республикалық байқауының гран-при иегері атанған. Сондай-ақ «Ұшқыр ой алаңы» дебаттық қозғалысында белсенділік танытып жүрген парасатты пікірсайысшылар да алғыс хаттар мен сыйлықтарға ие болды.

«Ұшқыр ой алаңы» дебаттық қозғалысының пікірсайысшысы Әнуар Ахметов дебатқа 7-сыныптан бастап қатысқан.

«Дебатта түрлі тақырыпты талдаймыз. Бұл адамның интеллектуалдық қабілетін дамытады. Тақырыпты даттаушы және жақтаушы топ болып, екіге бөлініп қорғаймыз. Сол уақытта берілген тақырып бойынша ақпарат жинап, ізденеміз. Кез келген тақырып берілген кезде тосылмау үшін үнемі ізденуге тырысамын. Болашақта еліміздегі әйелдер құқығын қорғағым келеді. Себебі бізде әйелдерге қай жағынан да қысым көп. Сол үшін күрескім келеді» деді ол.

Еркін қарым-қатынас форматында ұйымдастырылған кездесуде балалар өз пікірлерін ортаға салып, армандары мен жүрекжарды тілектерін жеткізді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button