Көше мәдениетін қашан үйренеміз?

Жағдайымыз жақсарып, тұрмысымыз түзелген сайын айналамызға селсоқ, табиғатқа немқұрайды қарайтынымыз рас. Елдің бетке ұстар қаласы – елорданың орталық көшелерімен келе жатсаңыз, жан-жағына қолындағы қоқысын лақтырып, темекісін тастап, бөтелкесін сындырып, түкіріп, сағызын отырғышқа жапсырып бара жатқан тұрғындарды, қала қонақтарын арагідік болса да кездестіріп қаласыз.
Оны жинап, тазалайтын да өзіміздің қаракөздер екенін ескере бермейміз. Жөнсіз қылық, яғни қоршаған ортасын ластауға қатысты әкімшілік жауапкершілік, айыппұл мөлшері белгілі болса да, тұрғындар тарапынан теріс қылық тыйылар емес. Мұндайда ағартушылық бағытты жандандырған дұрыс деп есептеймін. Себебі қоғамдық орындардағы мінез-құлық ережелері, тазалық мәселесі балаларға жастайынан насихатталса, осы бағытта қоғамдық көліктерде ұдайы арнайы жасалған роликтер көрсетілсе, оның әсері зор болар еді.
Қалай болғанда да, екінші миллионға аяқ басқан Астананың тұрғындары, елорданың көшелері елімізге үлгі болуы тиіс.