#Жаңа Қазақстан

Сайлау – демократиялы қоғамның басты белгісі

– Демократиялы қоғамда мемлекеттік билікті ұйымдастырудың басты формасы – әділ сайлау жүйесі болып табылады. Сайлау – мемлекеттік билікке, лауазымдарға тұлғаларды таңдаудың саяси нау­қаны. Қазақстан Республикасы президенттік басқару нысанындағы зайырлы әрі біртұтас мемлекет болғандықтан жалпыға бірдей, тең сайлау өткізу ҚР Конституциясы шеңберінде нақты бекітілген.

Қазақстан ­Республикасының ­Президенті Қасым-­Жомарт ­Тоқаевтың 2022 жылдың 21 қыркүйе­гіндегі бұйрығы негізінде кезектен тыс Президент сайлауы осы жылдың 20 қыркүйегі болып бекітілген болатын. Мемлекет мүддесін бәрінен биік қоятын ҚР Президенті Қ.Ж.Тоқаевтың бұл шешімі – әділетті қоғам құрудың басты талабы ретінде әділ сайлау­ өткізу.

Биылғы кезектен тыс президент сайлауын өткізудің басты қажеттілігі – қазіргі кездегі геосаяси тұрақсыздық жағдайында мемлекеттік біртұтастықты сақтау, әлсіреген экономиканы қалпына келтіру мен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету. Бұл ел президентінің сайлау туралы жарлықты бекітуден бұрын ел тұрғындарына жасаған мәлімдемесінде айқын сипатталады: «Әділетті Қазақстанды» құру жолында жаңа реформаларды жүзеге асыру үшін жаңа сенімді мандат қажет» деп мәлімдеді. Демек, биылғы сайлаудан кейін ел экономикасы тұрақты дамып, халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын жақсартуды көздейтін ұзақ мерзімді міндеттер жүзеге асады деп есептейміз.

Биылғы сайлауда «Әділетті Қазақстанды» құрудың алғышарты ретінде президент енді бір рет 7 жыл мерзімге сайланады. Бұл енді елде белгілі бір тұлғаның немесе әулеттің белгілі бір артықшылығына шектеу қояды және ол әділ түрде өткізілген сайлау арқылы жүзеге аспақ. Демек, осы 7 жыл ішінде елде көптеген реформалар мен өзгерістер орын алады, маңызды стратегиялық бағдарламалардың орындалуы үшін тиімді мерзім болмақ.

«Жаңа Қазақстанды» құру жолында биліктің батыл қадамдары мен ел дамуы үшін жасаған реформалары және әділетті қоғам қалыптастырудың қажеттілігі бар. Елімізде орын алған көптеген саяси оқиғалардың басында әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлардың тұрғаны белгілі. Елде орын алған толқулар қоғамның біртұтас мақсат жолында бірігіп, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруды қалайтыны белгілі.

Геосаяси тұрақсыздық жағдайында кезектен тыс сайлау өткізу – ең батыл қадам ретінде үлкен өзгерістердің болатынына кепілдік береді. Сонымен қатар, президентке бір ғана өкілеттілік берілу арқылы халықпен санасатын, халықтың елдегі саяси өзгерістерді алдын ала білетін және мемлекетте «жеке биліктің» болуына тосқауыл қояды.

Түйіндеп айтқанда, бұл сайлауда елдігімізді, бірлігімізді көрсетуіміз керек. Өйткені бұл сайлау мемлекеттің дамуына, келешегіне жаңа серпін береді.

Сымбат ДӘУЛЕТ,

№38 мектеп-лицейдің тарих пәні мұғалімі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button