Мәселе

Талап етсең темір де  қазақша сөйлейді

Тас жүректі тіліммен тілімдедім… Бұл – екінші бақытын ана тілінен тапқан Мұқағали Мақатаевтың өлең жолдары. Ол өмір сүрген заманда, оған дейінгі ғасырларда да от ауызды, орақ тілді би-шешендердің дәурені жүріп тұрды. Себебі сөз ұғар пенде бар еді. Ал қазір тәуелсіз елміз. Тіліміз де тәуелсіз. Алайда өз елімізде өзіміздің тілімізді өгейсітіп жүрміз. Соттың да, құжаттың да, қыл аяғы жарнаманың да тілі қазақша емес.
Әлемде орта есеппен 6500 тіл бар екен. Соның ішінде сөйлеушілер саны 10 миллионнан асатын 40 тіл бар. Қырықтың бірі – қазақ тілі. Бауыржан Момышұлы: «Кейбір ұл-қыздарымыздың ана тілімізді білмеуі, не шала білуі мені қатты қынжылтады. Бұған ең алдымен ата-ана кінәлі» деген еді. Аулада асыр салып ойнаған балалардың қазақша сөйлемейтіні, өзге тілде шүлдірлеп жүретінін естіп жүрміз. Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Белгілі орыс жазушысы К.Паустовский: «Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндік» депті. Демек туған тілін сақтау, бөтен сөзбен сөз арасын былғамау жалпақ жұртқа ортақ.

[smartslider3 slider=373]

Жиналыс пен журналист
Кәсібіміз билік пен халықтың арасын жалғау болғандықтан да республикалық, қалалық жиындардың басы-қасында жүріп ақпарат таратамыз. Сондағы байқағанымыз, үйінде қазақша сөйлейтін шенеунік есіктен кіре орысша баяндама жасайды. «Қайырлы күн, құрметті қонақтар!» деп бастап, «Тыңдағандарыңызға рақметпен» аяқталатын екі ауыз сөзді ғана мемлекеттік тілде айтады. Ал негізгі ақпараттың барлығы ең бірінші орыс тілінде баяндалады. Сондықтан да шығар, орыс редакциясының қызметкерлері жаңалықты жылдам таратып жатса, қазақ тілді журналистер мәтінді қазақшаға қатесіз аударып екі есе машақатқа түседі. Бүгінде ана тілін менсінбейтін атқамінерлер көп. Бірде жиынға қатысқандардың бәрі өзіміздің қазақтар болса да, мінбедегі басшы отырысты басынан аяғына дейін орыс тілінде өткізіп шықты. Мемлекеттік тілде қойылған журналистің сұрағына: «Барлығыңызға түсінікті тілде жауап берейін. В общем дело касается…» деп пысқырып та қараған жоқ. Осындайда, қазақша толық білмесе де «Бір бала жақсы, бір бала өкінішке орай» деп жүрген бұрынғы депутат Гүлжан Қарағұсованың талабына риза болмай қайтесің.
Қазақ тілі қиын ба?
Жұртқа жағынғысы келіп, сүйкімді көрінудің тәсілін таппай тасырқағандар «қазақ тілі қорын» ашып жатыр. Қорғау керек деп байбалам салады. Бірақ түйткілдің түйінін тарқатудың тәсілін ұсынғандар кемде-кем. Ұлты кәріс Владислав Тен қазақ тілі туралы қазаққа дәріс оқып жүр. Мемлекеттік тілді үйрететін орталық ашқан. Өзбекстаннан келіп қазақ тілін әліппеден бастап үйренген. Бірнеше жылда өзгені оқытардай меңгеріп алыпты.
– Қазақ тілі қиын деген бос сөз, сылтау, – деп бастады сөзін Владислав. – Маған адамдар тіл білмейтіндігіне қиналып келеді. Біз соларға жағдай жасап, жүйе қалыптастыруымыз керек. Елбасы «Рухани жаңғыру» керек деді. Бізде қазір екі рух тұр. Себебі екі тіл халықты екіге бөлген. Біз бір тілге көшкенде ғана бір отбасы болып, нағыз «рухани жаңғыру» басталады. Қазақ тілін үйренуге көбіне қазақтар келеді. Өйткені қазақ тілі басқа ұлтқа емес, ең бірінші қазақтарға керек. Өзге ұлттардың қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығы аз. Бірінші кезекте қазақтар өз ана тілін үйренгісі келеді. Қоғамдағы «Қазақтар ана тілін менсінбейді» деген стереотиппен келіспеймін. Өз тілін үйренгісі келетін қаншама адам маған өкініштерін айтып жылап келеді. Бірақ оларды кінәлай алмайсың. Олардың миларында бірінші тіл орыс тілі ретінде қалыптасқан. Себебі ата-аналары олармен сол тілде сөйлесті. Ал тіл мәселесі өзге ұлттар қазақша сөйлемей жатқандықтан болып жатқан жоқ. Қазақпен қазақ қазақша сөйлесе алмағандықтан, осындай жағдайға тап болдық. Бізде орыс тілділер қазақ тілін менсінбейді, ал қазақ тілділер орыс тілділерді түсінгісі келмейді. Өзбекстанда тіл мәселесі жоқ. Өйткені бүкіл өзбек ең бірінші өзбекше сөйлейді, – деді тіл маманы.
Үкімет тарапынан мемлекеттік тілді оқытуға арналған 90-ға жуық орталық ашылып, арнайы бағдарламалар түзілген. Адамның қалауы қалтада емес, жүректе.
Тілі шықты шүлдірлеп
Әлемдегі ең бай тіл араб тілі екен. 12 млн 300 мың сөз бар. Екінші, ағылшын тілі 750 мың сөз бар. Үшінші – 650 мың сөз бар қазақ тілі. Ана тіліміздегі сөздің мағынасына үңілсек, алдыңғы екеуінің жолда қалары анық. «Бала тілі бола алмаса ана тіл, ана тілі бола алмайды ешқашан» дейді ақын Мұхтар Шаханов. Бірақ көпшілік баласын қазақ тіліндегі балабақша мен мектепке берсем іс бітті дейді. Ал қалған тәрбиені смартфон мен сондағы тіл сабақтайды.

Жапонияда бала 12-ге келгенше тек ана тілінде сөйлейді. Одан кейін қанша тіл үйренсе де өз еркінде.

Бізде бәрі керісінше. Баламыздың тілі шүлдірлеп көршіміздің тілінде шығады. Одан кейін орысша ойлап, орысша қуанып, орысша жылайтын, орысша түс көретін буын қалыптаспай қайтсін?! Тәрбие – терең дүние. «Баланың тілі қай тілде шықса, сол ұлтқа қызмет етеді. Қазір отбасы қазақша сөйлесе де, тілі орысша шығатын балалар көп. Оған смартфондардың дамуы, ондағы контенттердің басым бөлігінің орысша болуы да әсер етіп жатыр. Қазір баламыз жылап жатса, алдау үшін кәмпит бермейміз. Аузын жапсын деп гаджет ұстатамыз. Бала осылайша көп уақытын телефонда өткізеді. Сәйкесінше бала алақандай темірдегінің ішіндегі орысша мультфильмдер мен әртүрлі шоуларды көріп орысша ойлай бастайды. Одан кейін аулаға шығып орысша сөйлеуді үйренеді. Балабақшаға барса да осы жалғасады. Жап-жақсы баланы орысқа тәрбиелеп беріп жүрген өзіміз. Атам сөйлеген, анам сөйлеген тілімнің елдегі мәселесі мені алаңдатқаны сонша, көшеде кездескен жұртқа осылай айтам деп сүйкімімді кетіріп жүрмін» дейді қоғам белсендісі Перизат Тойбекова.
Соңғы кезде ата-аналардың көпшілігі баласын орыс сыныптарына беріп жатыр. Бір ғана елорданың өзінде 49 аралас мектеп бар. Қазақ мектебінің саны – 34. Себебін сұрасаң: «Балам жақсы оқысын деп, орысшаға бердім!» дейді жұрт. Қазақтың өлген жері, баласынан айырылған жері осыдан басталарын кім білсін? Қазақ мектебін бітіріп, 4-5 тілді меңгеріп, Америка-Англия оқу орындарында білім жетілдірген балалар көп. Ендеше өзге тілдің білімін ана тілінен артық көру адасқанның белгісі емес пе?
Паразит сөздер пайдасыз
Тілге түскен тағы бір қиқымдай қауіп, күнделікті чаттардағы кемтар сөздің әлегі. Ғабит Мүсірепов «Тіл салақ сөйлегеннен бұзылады» дейді.
– Уже, походу, даже, тоже, давай, как раз… Қазіргі қазақтың ауызекі тіліне кіріп кеткен осындай орысша «паразит» сөздер көп. Тіпті күнделікті уатсап, фейсбук желісінде сөйлескенде де кейбір қазақша сөздерді «Нестеп, қалай, отқан» деп қысқартамыз деп қадірін қашырып қолданып жүрміз.

Күнделікті өмірде тіл мәдениетін бұзатын бұл бөтен сөздер – бір қырынан қазақтың құлдық психологиясын көрсететін белгілердің бірі.

Елден ерекше, өзінше болып, қазақша айтқанда, тәкаппарлана сөйлеуге тырысудан шығатын жаман әдет, – деді тіл маманы Айна Ғизат.
«Тілім, тілім» деп ұрандатуға бармыз. Ал күнделікті өмірде таңдауға жоқпыз. Сіз қаласаңыз, түзелсеңіз темір де қазақ тілінде сөйлейді. Бірақ банкоматтың алдына келгенде ана тіліңді ақшаңды алып кетер алаяқтай көретініміз рас. Содан банктердің сараптама қызметіне «тұтынушылар қазақ тілін қолданбайды» деген есеп түседі. Ал банк тұтынушылар қай тілді жиі таңдаса, ақпараттар легін де сол тілде таратады. Бұл жерде бірінші өзімізге өкпелеуіміз керек. Қарапайым халық жаппай қазақ тілді қызметті қолданса, тілдің қаржы институттарындағы ахуалы әлдеқашан оңалар еді.
Терминдерде  тәртіп жоқ
Басқа салаларда да қазақ тілінің ахуалын жақсы дей алмаймыз. Медицина саласына бар ғұмырын арнап, кейін саладағы терминдерді қазақшалап талай том сөздік жазған Мұхамбедия Ахмет-Төре әлі бірізділік жоқ дейді. «Ғалымдар арасындағы кейбір әсіреұлтшыл, әсірепатриот­тарымыз термин сөздерді түгел қазақшалайық, ойдан шығарып жаңа сөз қосып, тілімізді байытайық деп қия тартады. Қазақи неологизмдерді қолданысқа енгізу тілді байытудың, әлбетте, бір тәсілі екеніне дау жоқ. Біздің медицина саласында әлемдік санаға сіңіп, әмбеге түсінікті болып кеткен терминдер бар. Солардың бәрін бір күнде қазақшалаған болып лап еткізсек, онсыз да бір-бірін қазақша түсінуден қалып бара жатқан қазақтар тілі түгілі, миы шатасып, нейролингвистика мен психолингвистиканың мамандары зерттеуге алатын, эксперименттік ұлтқа айналып кетпесіне кім кепіл?! Мысалы, дүниежүзілік ортақ термин «операция» деген сөзді алды да, бір білгіштер «ота» деді. Қазақ отап тастау, шауып тастау­ды «ота» дейді. Ағашты шауып, бұтақты отаймыз. Хирургияда тек ампутацияны «отау, кесу» деп аударамыз. Операцияны емес» дейді терминолог.
Иә, медицинада қате аударылған терминдер өріп жүр. Жақында ғана мемлекеттік ресми сайт «Эмоциональное выгорание» сөзін «Эмоционалды күйіп қалу» деп жариялады. Ол ол ма, adilet.kz-тегі заңдарды қанша жерден қазақша ойлайтын адам болсаңыз да бір оқығаннан түсіне алмайсыз. Сондықтан да жұрт ең бірінші түсінікті деп орыс тіліндегі ақпаратқа жүгіреді.
Жарымжан жарнама
Тіл туралы заңның 21-бабында жарнама алдымен мемлекеттік тілде, содан кейін орыс тілінде жазылады деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Ал көшеде ілінген көп жарнамалар қазақ тілінде жазылмайды. Жазылса да мағынасы майысқан мәтіннің не бір әрпі, не бір буыны түсіп қалғандары көп. Осындай жарнама тақталарын жазарда ең бірінші қазақ тілін білетін біреу­ге көрсетіп алса болар еді ғой. Жоқ, «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмаған соң кәсіпкерлер де ойына келгенін істеп жүр. Бұл – кәсіп иелеріне ғана емес, сол кәсіптерін тіл туралы заңға бағынып бастауға рұқсатын беретін Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының, Тілдерді дамыту басқармасының атына сын. Екiжақты енжарлықтан туған қателiктiң қашан жөнделерiн кiм бiлсiн?! «Кейде тіліміз қайда кетіп бара жатыр деп ойлаймын. Жарнамалардың кейбірі – орысша, кейбірі – ағылшынша. Соның ішінде қазақша сауатты жазылғаны аз. Қателері көп. Кәсіпкерлер ойына не келеді, соны жаза береді. Осындай бассыздықты реттейтін темірдей тәртіп керек» дейді қала тұрғыны Елубай Хамитов.
Дамыған елдерде «Сауданың тiлi ғана сол елдiң тiлi бола алады» деген пiкiр қалыптасқан. Бұл әлемдiк тәжiрибеде дәлелденген. Ал бiздiң сауданың тiлi қай тiлде жүредi? Түптеп айтқанда, қаптаған қате қаперге ілікпей-ақ тұр.
Қазақша кинодан неге қашады?
Жасыратыны жоқ, отандық кино нарығына шыққан шетелдік туындылардың мемлекеттік тілде тәржімалануы сын көтермейді. «Жақында отбасымызбен көптің аузында жүрген «Веном 2» фильмін көру үшін кинотеатрға бардық. Кино орысша дубляждалса да, астында қазақша титр көрсетілген. Сонда бір байқағаным, қазақша аударманың сапасы төмен. Түсініксіз. Гугл жүйесіне салып аудара салғандай. Сөздер бір-бірімен байланыспайды. Мағынасы жоқ. Арасына ұятсыз сөздер де кетіп қалған» деді жоғары оқу орнының оқытушысы Гүлғайша Талап.
Соңғы жылдары дубляж саласында да айтарлықтай өзгеріс­тер болып жатыр. «Болашақ» қауымдастығының қолдауымен әлемге танымал қаншама туында қазақша сапалы дыбысталып, нарыққа жол тартты. Бірақ тіл деп күйінгендер кинотеатрға барғанда сол қазақша дыбыс­талған фильмдерді прайм-тайм­нан таба алмай біраз шулады. Қазақша аударылғанмен, фильм­дер шыққан шығынды ақтамай жатыр деп компания басшылары да қарсы жауап қайтарған еді. Ақтамай қайтсін, қазақша сеанс ел бармайтын таңғы және түскі уақыттарға қойылса. «Елімізде дубляж жақсы дамып келеді, бірақ бәсеке жоқ. «Коконың құпиясын» алсақ та, «Ральфты» алсақ та, аударылған 30-ға жуық фильмге халық тарапынан қолдау аз. Бір киноны дыбыстауға бір ай кетеді. Бұл – бәсекелестіктің жоқтығынан. Ресейде шыққан кино сол сәтте-ақ аударылып, дыбысталып жатады. Онда қаншама цех пен студия бар. Ал біздің елде бір ғана цех. Мен «Арыстан патшаның» орысшасына да, қазақшасына да қайталап, бірнеше рет тамашаладым. Сонда біздің дубляж артық болмаса, кем емес. Бірақ көрермен қазақша киноны көруге бармайды. Кассада отырған қазақтың қарагөз қыздары да еш жарнама жасамайды, насихаттамайды. Дубляж жақсы дамып келеді. Тек халықтан қолдау керек» дейді актер Олжас Жақыпбек.
Тіл саясатын іске асырудың мемлекеттік бағдарламасына сай мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесі 2021 жылы 91 пайыз деп көрсетілген. Егер шынымен де тұрғындардың басым бөлігі қазақ тілінде еркін сөйлесе, тіл туралы мәселе туындамас еді ғой. Тек дұрыс түсінейік, ана тіліміздің мәртебесін көтеру – басқа тілдердің жолын кесіп, бағын байлау емес. Ұлтымыздың рухын көтеру.
 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button