#Жаңа Қазақстан

Зейнетке ерте шықсын

Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат Балжан Досмұхамбетова 9 наурызда «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС ұжымымен кездесті. Осы кездесу барысында олар қауіпті жұмыс істейтіндерді 55 жастан зейнетке шығару керегін айтты.

Партия өкілі еңбек ұжымына алдымен Халық партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

– Біздің партия бірінші кезекте халықтың әлеуметтік жағдайын назарда ұстайды. Өзекті мәселелерді Үкіметке жеткізіп қана қоймай, оның шешілуіне ықпал етеді. Жаңа Қазақстанға жалдамалы жұмысшылардың әлеуметтік және еңбек құқығын қорғайтын жаңа Еңбек кодексі қажет, – деді Балжан Досмұхамбетова.

Сөз арасында ол денсаулық сақтау саласына қатысты өзекті мәселелерді де тілге тиек етті.

– Медицина саласында білікті маман тапшы. Халық Damumed-ке тіркелу мен дәрігердің қабылдауына жазылуда кедергі көп екенін айтады. Ал МӘМС жобасы үмітті мүлде ақтамады, – деді ол.

Сондай-ақ спикер Халық партиясы барлық жастардың тегін кәсіптік және жоғары білім алуын жақтайтынын тілге тиек етті. Сонымен қатар ол ауыр, зиянды немесе қауіпті жұмыста істейтін қызметкерлерді 50-55 жастан зейнетке шығару маңызды екенін жеткізді.

– Бұл мәселенің шешімі бірнеше өзекті мәселенің алдын алады. Атап айтқанда, кәсіби және басқа аурулардың, сондай-ақ өндірістік жарақаттардың пайда болу қаупін азайтады, – деді партия өкілі.

Осы орайда айта кетерлігі, саясаттанушы Эдуард Полетаев аталған партияның сайлауалды бағдарламасы сауатты жазылған деп баға берді. Ол Мәжіліске өз кандидаттарын ұсынған 7 саяси партияның сайлауалды бағдарламаларына талдау жасапты. Айтуынша, Қазақстан халық партиясы «саяси жаңғыру» кезеңінен өтуде. Нақтылай кетсек, аталған партия өз бағдарламасында зейнетақы жүйесін реформалауды, ана капиталын енгізуді және қандастар мәселесін шешуді ұсынған болатын.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button