Руханият

Бақытжанның баспалдақтары

Сексенінші жылдар­дың басы болар деймін, менің сол кезде «Госкомиздат» деп аталатын құзырлы мекемеде қызмет істеп жүрген кезім болатын. Кеңес өкіметінің кезі ғой. Ол кезде ұжымдарды қайда істесең де облыстарға ауыл ша­руашылығы жұмысына жіберіп отыратын.

Қоңыр күз­дің қалың ортасы болатын. Мен мекеменің бір топ қызметкерімен, сол кездегі Алматы облысына (осы күні Жетісу) баратын болып белгілендім. Бас-аяғымыз жиналғаннан кейін белгіленген күні жолға шықтық. Қолғабыс жасауға жұмылғандардың саны жеткілікті екен. Есебі – бірнеше автобус. Әр мекеме бір-бір автобус иеленген. Біздің Баспа комитетінен 10-15 адам бөлінген екенбіз. Автобусқа отырып жолға шықтық. Жолда қала сыртынан күтіп тұрған тағы 4-5 автобус қосылды. Осыншама адам сол кездегі Сарыөзекті көктей өтіп, Панфилов ауданының орталығы – Қоғалыға қарай қозғалдық. Жолда біраз елді мекенді басып өтіп, ақыры сол ауданның «Бостан» деп аталатын ауылына ат басын тіредік. Жол бойына кісі тиеген біраз автобус әр ауылда қалып жатты. Діттеген жерге жеткен соң, көліктегілер бір жерге бас қосып жинала бастады.

Бұл ауылға бірінші рет келуім еді. «Ешкімді танымаймын ғой, енді қайда барсам екен?!» деп дағдарып тұрғанымда, қарсы алған басшылардың бірі бас-аяғымызды жинақтап, бір үлкен жатақханаға жеткізді. Жатақхана дегенім бұрынғы клуб па, үлкен кең үйлерден тұратын дарбаза болып шықты. Бір кезде біреу: – «Ассалаумағалейкүм, Секе! – деп сәлем беріп, қолын ұсынды. Кім екенін болжап білгенімше, бірден Бақытжан екенін білдім. Бақытжан Тобаяқов, бөг­де жерде нақ туысымды тапқандай қуанып кеттім. Құшақтасып жатырмыз.

– Бұл жақта нағып жүрсің?

– Мен де сіз сияқты жұмысқа келдім, қасымдағылар мына автобуста отыр. Қазір түседі, бәріміз бір жатақ­ханаға орналасатын болсақ керек.

Мен әлде де тосаңсып: «Болса да ауылға әкелген соң неге үйлерге түсірмеді екен» деп жатақханаға көңілім толмай тұр еді. Бақытжан бірден: – Қысылма, Секе, бұл Бостан деген менің ауылым, менің туған үйім де осы жерде, – деп бір ескі үйдің орнын нұсқады.

– Жүр, көрейік! – деппін мен, әлде де сенер-сенбесімді білмей. Біз ескі қыс­таудың орнына келдік. Үй орнында қаулап шөп өсіп кеткен. – Менің әкем осы ауылға басшы болып келген екен, мен сонда туыппын – деді Бақытжан. – Біз, негізі, Қарқаралы жағының қазағымыз. Ертеде көшіп келген екенбіз. Әкем Ошақбай осы өлкеде бірнеше колхозды басқарған. Кейін Алматының түбіне көшіп барғанбыз.

Әрі қарай жөн сұраса келіп, Бақытжанның бабасы баяғы Құнанбайды көрген Жанақ ақын – заманында белгілі болған адам. Оның Абайдың әкесі Құнанбаймен тұстас, поляктің жиһанкезі – Янушкевичпен кездескені тарихтан белгілі. Сөйтіп, сол күннен бастап Бақытжан екеуміз ағалы-інілі болып араласып кеттік. Әлі күнге дейін Алматыда да, ке­йін Астанада да жұбымыз жазылған жоқ, араласып тұрамыз. Сөйтіп көп ұзамай «картоп шаруашылығына» кірісіп кеттік. Жұмысымыз – картоп жинау. Бостанның картоптары өнімді, көпші­лікке өтімді тауар екен.

Бас-аяғы бір айдай жүрдік. Жұмысымыз да абыройлы болды… Жинаған картобымызды арнайы машинаға тиеп, қасындағы «Калинин» совхозының базасына жеткіземіз. Сондай сапарда Бақытжан мені өзінің дос ағасы Нұрсерік Ескендіров деген жігітпен таныстырды. Ол сол совхоздағы орта мектептің директоры екен. Бір күні үйіне апарып, шай іштік. Содан араласа келіп Нұрсерік екеуміз әбден дос болып кеттік. Нұрсерік бізді облыс орталығы – Талдықорғанға бірнеше мәрте алып келді. Талай үйде қонақ болып, серілік күндеріміз көп болды.

…Мектепті алтын медальмен тәмамдаған Бақытжан 1973 жылы Қазақ политехникалық институтының энергетика факультетін бітіреді. Алғашқы қадам – еңбек жолын Өскемен жылу-электр орталығында жұмысшы болып бастайды. Содан соң республикалық «Қазтехэнерго» кәсіпорнында инженер болып істеп, қазіргі Атырау, Павлодар, Алматы жылу-электр орталықтарында қазандықтар мен турбогенераторларды іске қосуға, энергоблоктар­дың автоматикасы мен өлшеу аспаптарын баптауға қатысады.

Жетпісінші жылдарда Бақытжан қазақтың энергетика ғылыми-зерттеу институтының плазмалық энергетика зертханасына шақырылып, біраз жыл абыройлы қызмет атқарады. Сол кезеңде Алматы теміржол институтында жылу энергетикасы негіздерінен дәріс береді, плазма техникасы мен ауа ағындарының аэро­динамикасын зерттеп, бірнеше ғылыми мақала шығарды, плазматрондарды іске қосып, олардың жаңа буындары бойынша тың жетістіктерге қол жеткізді. 1986 жылы «КСРО өнертап­қышы» атағына ие болды.

Көп жылдар Қазақ энциклопедиясында ғылыми қызметкер, сондай-ақ «Білім және еңбек» журналында ғылым және техника бөлімін басқарды. Осы жылдарда ол қазақ халқының озық ойлы ұлдары Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Е.Бөкетов, Ш.Шөкин, Ш.Есенов, А.Ма­шанов туралы құнды зерттеу-ғылыми эсселер жазды.

Жоғары Кеңестің тұңғыш органы «Халық кеңесі» газетін ұйымдастырушылардың бірі болды. Газет жабылғанға дейін экономика бөлімін басқарды. Одан кейін қаржы-бақылау комитетінде, Алматы қалалық тіл басқармасында жауапты қызмет атқарды. Бақытжан Тобаяқов ұлттық энергетикалық «KEGOC» компаниясында аударма бөлімін басқарып, Қазақстан энергетикасының дамуы жолындағы проблемалық мақалалар жазып, жаңа кітаптар сериясын шығаруда.

Ақындығына келсек, республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты, бірнеше жыр мүшәйраның жеңімпазы.

Менің бұл жайларды тәптіштеп, баяндап отыр­ған себебім, жетіп-піскен шағында інімнің еңбегін өзінің туған елі, Сарыарқа, Көкше өңірінде тұратын ағайындары, оқырмандары тереңірек білсе екен деген тілек еді. Енді ініме деген жыр-лебізімді тарту етейін:

Алыс сілтеп құрығын,

Жолын қуған ұлының,

Аямаған елінен

Білімі мен білігін –

Бақытжан деген бір інім.

 

Туған жері – Бостан-ды,

Көп жинаған достарды.

Елжіретер жүректі,

Еске алғандай ескі әнді.

 

Жетісудан екенін,

Ардақтаған мекенін.

Ақындығы басып тұр,

Энергетик екенін.

 

Біле бермес жұрт әлі,

Талдықорған бір талы.

Арғы түбін зерттесең,

Жанақ ақын ұрпағы.

 

Қаздауыстың үнінен,

Тәттімбеттің күйінен.

Тарап жатқан еліңе,

Өрлігіңе сүйінем.

 

Ал, Бақытжан!

Жан інім –

Дара туған дарыным.

Басылмасын арының,

Аямасын Тәңірім,

Бұл дүниенің жарығын!

 

Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button