Айтпайын-ақ деп едім!

Кезек күтіп қандас жүр…

Соңғы кездері Қытай мен Қазақстан арасындағы виза мәселесі қандастарды әбден әбігерге салды. Атап айт­қанда, қазақстандықтар Қытай визасын ала алмай ұзын-сонар кезек күтсе, Қытайдағы қандастарымыз Қазақстанның Үрімжі қаласындағы виза-паспорт орны­ның алдында айлап кезекте тұруға мәжбүр.

Көршілес ҚХР-ның Шыңжаң өлкесінде 2 миллионға жуық қандасымыз тұрады. Заманның жақсы кезінде екі ел халқының «ауылы аралас, қойы қоралас» болғанмен, 2017 жылдан кейінгі Қытайдың жергілікті саясаты мен пандемия жағдайына байланысты қандастарымыздың қазақ еліне сапарлай келуі пышақпен кескендей сап тыйылған еді. Өткен жылдың соңынан бастап бұл жағдай біртіндеп оңалып, қандастардың Қазақстанға сапарлай келуіне жол ашылғанмен, 5 жыл бойы атажұртқа көшіп кеткен туысын көре алмай, әбден зарыққан қандастар енді виза ала алмай қаңтарылуда.

«Бұған бастысы Үрімжідегі ­виза-паспорт орнының виза беру жұмысын дұрыс жүргізбей, аптасына үш-ақ күн жұмыс істеп, электронды жолмен кезек алу жұмысына делдалдардың араласып кеткені себеп болып отыр» дейді виза ала алмай тарыққан қандастар.

Қазақстанның Үрімжідегі виза-­паспорт орны 2014 жылдан бастап «Кезек» деп аталатын виза алуға электронды жолмен кезек алу сайтын іске қосқан болатын. Қазақстанға сапарлай барғысы келген қандастарымыз сол сайттан үйінде отырып кезек алып, кезегі келгенде виза-­паспорт орнына құжатын тапсырып, виза аштыратын. Бұл халыққа өте қолайлы болған еді. Бірақ соңғы кездері осы сайттың жұмысына да делдалдар араласып, қарапайым халық кезек ала алмай қиналуда. Ал делдалдар болса виза-паспорт орнының қатысты адамдарымен астасып, кезек алуды қолдан қиындатып, оны өздерінің пайда табатын жолына айналдырған. Соның әсерінен тегін берілетін кезектің құны 8000 юанға (500 мың теңге шамасында) дейін шарықтаған. Яғни бір қандасымыз виза аштырып, Қазақстанға келмек болса, бұрынғыдай «Кезек» сайты арқылы нөмір алып, виза аштыра алмайды. Себебі сайт кезектің нөмірін тарқатқан кезде күніне берілетін 180 адамның кезегі 2 минутқа жетпей таусылып кетеді екен. Мен «Кезек» сайтының жұмыс жүйесін жақсы білемін, оны жасаған – менің қасымда жүрген жігіттер, егер оны басқарушылар сайттың артқы жүйесінен белгілеп тастамаса, күніне берілетін кезектің 2 минутқа жетпей таусылып кетуі мүмкін емес. Демек, бұл арада сайтты басқарушылар мен виза-паспорт орнының арасында жең ұшынан жалғасу жатқан сияқты. Мұны Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қатаң бақылауға алып, тексеру жүргізуі керек деп санаймыз.

Әрине, алдағы уақытта Қазақстан мен Қытай арасында 30 күндік визасыз режим енгізілсе, қандастардың келіп-кетуіне тиімді болуы мүмкін. Алайда көшіп келгісі келетін қандастардың виза аштырып келетінін ескерсек, «визасыз режим енгізіледі» деп бойды кеңге салуға болмайды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button