Руханият

Тұлғаға – тағзым

Тәуелсіздік – дүбірге толы мереке ғана емес, азаттық үшін жан қиған тұлғаларға тағзым етер күн деп айтуға болады. Сондай асыл ердің бірі – небәрі 33 жасында қаза болған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасов. Кеше елордалық бір топ зиялы қауым алаштың ардақты перзентінің сүйегінің күлі жерленген бас қаланың ортасындағы «Қараөткел» зиратына барып, тұғырлы тұлғаның рухына дұға бағыштап, тағзым етті.Алаш арысының басында тарих ғылымдарының докторы, академик Мәмбет Қойгелдиев жас болса да елге бас бола білген Смағұлдың күрескерлігі жайында тебіреніп сөйледі.
– Ол – ХХ ғасырдың ал­ғашқы ширегіндегі күрделі кезеңнің ұлы тұлғасы. Оның жаулары біз Смағұлды өлтірдік деп ойлады. Бірақ уақыт көрсетті: оны жаулары өлтіре алған жоқ, ол өлген жоқ. Оның идеясы, ұстанымы, көрсеткен үлгісі бүгінге дейін тірі. Туған халқы аман болса, елінің еркіндігі үшін күрескен азаматтың өлуі мүмкін емес, – деді тарихшы.
Дара тұлғаның мұрасын зерттеп, әдеби айналымға түсірген ғалым, академик Дихан Қамзабекұлы Смағұл Сәдуқасұлы 1933 жылы 16 желтоқсанда қайтыс болып, жақындары оны соңғы сапарға 19 желтоқсанда шығарып салғандығын айтты.
– Қазір елімізде алаш апталығы жүріп жатыр. Ол бас шаһардан бастау алды. Елордада алашқа қатысты өткен кез келген шарада жастар осы жерге келіп, Смағұл ағамыздың рухына дұға бағыштайды. Бұл зиратта Кенесары ханның сарбаздары жатыр. Ұлт зиялылары Солтүстік Қазақстан облысындағы бір ауданға көрнекті қайраткердің есімін берсек деген ұсыныс көтерді. Бұйырса, астанадағы №78 орта мектепке Смағұлдың есімі берілмек. Оның артында қалған мұрасы көп. Халық оны оқуы керек, – деді ол.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button